ЭКСКЛЮЗИВ: «Эйр Астана» әлемдегі ең жас әуе парктерінің бірі және онда Синай түбегі арқылы ұшатын әуе бағыттары жоқ

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Эйр Астана» әуе компаниясы техникалық ақауы бар ұшақты ешқашанда әуеге ұшырмайды. Ресейдің «Когалымавиа» әуе компаниясының Airbus A321 ұшағының Мысыр жерінде апатқа ұшырауына байланысты бүгін «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында «Эйр Астана» әуе компаниясының менеджері Тілек Әбдірахимов осылай деп жауап берді.

ЭКСКЛЮЗИВ: «Эйр Астана» әлемдегі ең жас әуе парктерінің бірі және онда Синай түбегі арқылы ұшатын әуе бағыттары жоқ

Естеріңізге сала кетелік, 31 қазан күні Ресейдің «Когалымавиа» әуе компаниясының Airbus A321 ұшағы Мысыр жерінде апатқа ұшыраған болатын. Синай түбегіндегі Шарм-әл-Шейх қаласынан Санкт-Петербургке бағыт алған ұшпақ көп ұзамай түбектің солтүстік аумағында апатқа ұшырады. Ұшақ бортындағы 224 жолаушының барлығы қаза тапқан. Қазір алдын-ала болжамдар бойынша ұшақтың апатқа ұшырауына оның техникалық ақауы және пайдалану мерзімінің ұзақтығы себеп болуы мүмкін. Осыған байланысты, «Эйр Астана» әуе компаниясының ресми өкілі Қазақстаннан Мысырға тікелей әуе рейсінің жоқ екендігін мәлім етті. «Біздің ұшақтар Мысыр бағытында ұшпайды. Яғни, Синай түбегі арқылы әуе бағыттары жоқ. Біз тек Еуропа мен Азия елдеріне ғана ұшамыз. Солардың ішінде Ыстамбұл, Анталия, Дубай, Әбу-Даби, Дели қалаларын атауға болады», - деді Т. Әбдірахимов. Сонымен қатар ол «Эйр Астана» әуе компаниясының әуепаркі әлемдегі ең жас парктердің бірі екендігін жеткізді. «Біздің әуе компаниямыз техникалық ақауы бар ұшақты ешқашанда әуеге ұшырмайды. Бұл жолаушылар қауіпсіздігінің кепілі. Біздің мамандар ұшақты ұшырар алдында кез-келген жағдайда мұқият тексеруден өткізеді. Норматив және өндірушілердің ұсыныстары бойынша техникалық тұрғыда сапалы қызмет көрсетеді. «Эйр Астана» әуе компаниясының әуе паркіндегі ұшақтардың орташа «жасы» - бар болғаны 6 жыл. Бұл әлемдегі ең жас әуе парктерінің бірі. Ал бұл біз үшін маңызды көрсеткіш», - деді Т. Әбдірахимов.