ЭКСКЛЮЗИВ: Сыртқы істер және Денсаулық сақтау министрліктері Риода спортшыларымызды Зика безгегінен қорғау шараларын пысықтауда

«ҚазАқпарат» агенттігінің ресми сауалына орай еліміздің басты спорттық ведомствосы осындай жауап берді.
«Белгілі болып отырғандай, дәл осы проблемамен Олимпиаданы қабылдаушы тарап та жұмыстар жүргізу үстінде. Дегенмен, біздің спортшыларымыз бен делегациямызға қатысты нақты шаралар жайында қазіргі уақытта айтуға ерте. Сыртқы істер министрлігі мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктерінің ұсыныстары мен шешімдерін күтеміз», - деп хабарлады министрліктен.
Айта кетерлігі, «ҚазАқпарат» агенттігі дәл осы сауалмен ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары бас мемлекеттік санитар дәрігер Жандарбек Бекшинге де жүгінген болатын.
«Бразилияда өтетін Олимпиада ойындарына баратын Қазақстан құрамасының мүшелерін, ілесіп бірге баратын азаматтарды (жаттықтырушылар, дәрігерлер және т.б.) және жанкүйлерлерді сақтандыру шаралары жеке әзірленетін болады», - делінген еді оның жауабында.
Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Зика безгегін жаһандық қатер деп жариялаған болатын. Дәл осы ұйымның мәліметтерінше, Зика безгегіне шалдыққан Оңтүстік және Солтүстік Америка елдері тұрғындарының саны 3-4 млн. адамға жетуі мүмкін. Оның ішінде 1,5 млн. адам Бразилия тұрғындары болуы ықтимал.
31-ші жазғы Олимпиада ойындары тамыздың 5-21-і аралығында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтеді.