«Эксперт Қазақстан» рейтинг агенттігі «БТА Банк» АҚ кредитке қабілеттілік көрсеткішін «B+» деңгейінде бағалайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Эксперт Қазақстан» (RAEX) рейтингтік агенттігі «БТА Банк» АҚ кредитке қабілеттілік деңгейін «B+» (кредитке қабілеттіліктің жеткілікті деңгейі) және облигацияларының сенімділік деңгейін «B+» деңгейінде (сенімділіктің жеткілікті деңгейі) растайды. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметінен хабарланды.
Агенттік мәліметтеріне қарағанда, рейтингтікке банктегі өзіндік жеке капиталдың жеткілікті жоғары деңгейі, ірі кредиттік тәуекелдердің жоғары диверсификациясы, ссудалық портфель бойынша резервтеу көрсеткішінің тиімді деңгейі оң әсер етуде. Бұдан бөлек, агенттік сарапшылары банктің бағалы қағаздар портфелінің жоғары сапасын және банктің филиал желілерінің жоғары дамығанын алға тартады.
Сонымен бір мезгілде, агенттік рейтингті шектейтін факторлар ретінде ссудалық портфельдің салалық шоғырлану деңгейінің жоғарылығын, рентабелділік көрсеткіштерінің теріс қалыптасқанын және валюталық тәуекелдердің жоғары деңгейде болуын атап өтеді.
Бұдан бөлек, рейтингті тежейтін факторларға жою коэффициенттері мәнінің жоғары еместігі, мүліктік кепілдікті сақтауды қамсыздандырудың жеткіліксіздігін және кадрлар тұрақсыздығын айтады. «Мәселен, ағымдағы жылы банк иелері ауысты, бұл өз кезегінде бизнес-үлгі мен тәуекелдердің ауысуына да әсерін тигізбей қоймайды, операциялық және қаржылық қызметтермен байланысты тәуекелдер өсуі ықтимал», - дейді рейтингтер бөлімінің басшысы Ж. Раисова.
Тоқтала кететін жайт, ағымдағы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша Ұлттық банктің рэнкингіне сәйкес, «БТА банк» еліміздегі екінші деңгейлі банктер арасында активтер бойынша 3-ші, ссудалық портфелі бойынша 2-ші орынға ие. Бұл ретте банк активі 1 трлн. 551,6 млрд. теңгені құраса, жеке капиталы - 234,6 млрд. теңгеге жеткен еді.