ЭКСПО-2010 дүниежүзілік көрмесіне келушілердің саны рекордтық көрсеткішке жетті - бір күнде 600 мың адам келді
Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, бұл көрмеге бір күнде келушілердің рекордтық көрсеткіші. Халықтың мұншалықты ағылуына Қытайда Күз ортасы мерекесіне орай берілген демалыстар мен жылы ауа райы сеп болып отыр.
Жабылуына 1 айдай ғана уақыт қалған бұл көрмеге келушілердің жалпы саны 56 миллионнан асып кетті. Аспанасты елінде Қытай Халық Республикасының құрылған күніне орай қазанның 1-7-сі аралығында болатын демалыс күндері көрмеге келушілердің саны бұл рекордтан да асуы мүмкін.
Шанхайда мамыр айында басталған ЭКСПО-2010 дүниежүзілік әмбебап көрмесі қазанның 31-іне дейін созылады. Оның жұмысына 200-ден астам ел, аймақтар және халықаралық ұйымдар қатысуда.
Көрмедегі Қазақстан павильоны да көпшіліктің ерекше назарын аударып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы аралықта Қазақстан павильонын бес миллионға жуық қонақ тамашалады.