ЭКСПО-2017-ге дейін Астананың тұрғындары 900 мыңға жетеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы тұрғындарының саны 2017 жылға дейін 900 мыңға жетеді. Бұл туралы бүгін Астананың 2030 жылға дейінгі Бас жоспары жобасын талқылау барысында мәлім болды.
«Болжам бойынша ЭКСПО көрмесін өткізу кезінде қала халқы 900 мыңға жетеді, ал шара өткізілетін жаздың үш айында көрме 5 млн. рет тамашаланады. Біздің есебіміз бойынша көрмеге күніне шамамен 270 мың адам келетін болады», - деп атап өтті «Астана қаласының Бас жоспары ҒЗЖИ» ЖШС бас архитекторы Бақтыбай Тайталиев. Оның айтуынша, осылайша Астананың халқы 2017 жылы тұрақты тұрғындары мен көрмеге келген туристерді қосқанда 1 млн. 200 мыңға жетеді. «Сондықтан қызмет көрсету нысандары осыншама халықты қамтамасыз етуге жетуі тиіс. Бүгіннен бастап, барлық инженерлік және көліктік инфрақұрылымның 2017 жылғы талаптарға сай болуын қадағалау қажет», - дейді бас архитектор.