ЭКСПО-2017 көрмесіне 7 жаңа Shuttle Bus бағдары енгізілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі күндері қаланың шалғай аймақтарын көрме орталығымен байланыстыратын 7 жаңа Shuttle Bus бағдары енгізілді. Мұны көше-жол желісінің жүктемесін төмендету үшін «ALAY-ASTRA» және «КеңМарт-ASTRA» көліктік орталықтары ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды elorda.info . 

ЭКСПО-2017 көрмесіне 7 жаңа Shuttle Bus бағдары енгізілді

Енді №500 Халықаралық әуежай - «Нұрлы Жол» темір жол вокзалы, №501«Рахмет» ОСО - Клиникалық-оңалту орталығы, №502-«Астана» М - «Арнау» ТК, №503 - «Алай» - «Арнау» ТК көліктік хабы №504 - «Достар-1» ТК - Клиникалық-оңалту орталығы №505 - «Нұрлы Жол» темір жол вокзалы - «Арнау» ТК, №506 - «Кеңмарт» ОСО - «Қазанат» ипподромы арасында қатынайтын болады. Сонымен қатар, №10, 12, 15, 18, 35, 37, 40, 51, 53, 70, 102, 303 қалалық бағыттарына қосымша 50 көлік үстемеленіп, бағдар күшейтілетін болады.

Бұл туралы астаналық қоғамдық көлік қызметі­нің жұмысына қатыс­ты мәселелер бойынша бри­фингте жария етілді. Елордалық Көлікті диспетчерлеу орталығының басшысы Бауыржан Сейітов, «Астана LRT» ЖШС жолау­шылар көлігі бөлімінің басшысы Бейбіт Есжанов қоғамдық көліктің жұмысын жақсарту, қызмет сапасы мен қызмет көрсету мәдениетін жоғарылату тұрғысында атқарылып жатқан істерге талдау жасады.

Бүгінде қалалық автобус паркі 1 025 автобустан тұрады, оның ішінде 358-і - кондиционермен жабдықталған жаңа автобустар. Жолаушылар тасымалы қызметіне 1192 жүргізуші тартылып, 1 101 кондуктор жол бойында жұмыс істеуде. Қоғамдық көлік қызметіне қала тұрғындары 4,5 мыңнан астам шағым түскен. Арнайы тексеруден кейін 52 жүргізуші және 150 кондуктор жұмыстан босатылды.