ЭКСПО-дан кейін қаладағы 95 хостелдің 33-і жабылып қалды
ЭКСПО көрмесіне дайындық барысында қалада 95 хостел жұмыс істеген болатын. Қазір оның 62-сі ғана жұмыс істеп тұр.
«Бүгінгі күні елордада 62 хостел бар. Онда тұру ақысы орта есеппен 2500 теңгені құрайды. Маусымға байланысты баға өзгеріп отырады», - делінген «Астана конвеншн бюро» ұсынған ақпаратта.
Белгілі болғандай, хостелдер іскерлік және жастарға арналған болып бөлінеді. Астанадағы көрме аяқталған соң қаладағы хостелдер нарықта орнын сақтап қалу үшін түрлі қадамдарға барды. Бірі бағасын арзандатса, енді бірі студенттерге ұзақмерзімді жалға беру үшін арнайы жеңілдіктер жасады.
«Бүгінде қаладағы хостелдердің басым бөлігі жатын орынды ұзақмерзімді жалға беру есебінен күн көріп отыр. Хостел тұрғындарының негізгі бөлігі жастар. Сонымен бірге, соңғы уақытта орта жастағы азаматтардың саны артып келе жатқанын көріп отырмыз», - делінген ақпаратта.
Ал «Есіл» хостелінің басшысы Айнаш Ахметова бұл салада пайда табуға болатынын айтады. Тек, ол үшін хостел орналасатын пәтер өзіңдікі болуы тиіс. Ол өзінің төрт бөлмелі пәтерін хостелге айналдырған.
«Мен осы қысқа уақыт ішінде азды-көпті пайда таптым. Себебі, бұл менің өзімнің пәтерім. Яғни пәтер жалдауға ақша шығындамаймын. Сонымен қатар тазалық жұмысымен, кір жуу сияқты жұмыстарды өзім істеймін. Адам жалдап оларға жалақы төлеуге ақша шығындамаймын», - деді Ахметова.
Ал «The rooms» хостелінің жетекшісі Гүлжан Кенжеғалиеваның айтуынша, хостелдің табысына орналасқан жері әсер етеді.
«Мен ЭКСПО көрмесі қарсаңында табыс табамын деген мақсатпен хостел аштым. Алайда тапқаным шамалы. Төрт ай ішінде бізде бар-жоғы 200-ге жуық адам болды. Меніңше жұмыстың жүруі хостелдің орналасқан жеріне байланысты. Себебі, менің хостелім қаланың сол жағалауында болғанымен орталықтан жету қиын. Жұмыс жүрмей, пайда әкелмеген соң, оны жабуға туралы келді. Ең бастысы - соны ашуға қарызға алған ақшамды әлі күнге дейін қайтармадым», - деді Кенжеғалиева.
Фото: elorda.info