ЭКСПО көрмесі барысында «Менің Қазақстаным» атты Ш. Қалдаяқов әндерінің халықаралық фестивалі өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шәмші Қалдаяқов - аты алты алашқа әйгілі, қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған ұлы композитор. Ол - бүкіл ел мойындаған, жалпы халықтың шексіз сүйіспеншілігіне бөленген, қалың жұрттың қайнаған ортасынан шыққан дара дарын, тума талант, аты көзі тірі кездің өзінде аңыз болып кеткен бірегей өнер иесі.
Қазақтың арасында «Шәмші, Шәмшінің әні» десе, ішкен асын жерге қоймайтын жан жоқ. Кез-келген адамның жүрегін тебірентетін - аяулы ана, ардақты әке, мөлдір сезім, шынайы махаббат - осының бәрін Шәмші әндерінен табуға болады. Оның шығармаларының тақырыптық, мазмұны кең. Шәмші шығармаларының қайсысын алмайық, олардың басты тақырыбы - елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік.
Ш. Қалдаяқовтың әндері құлаққа жағымды, жүрекке жылы қабылданады. «Ақ ерке - Ақ жайық», «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Жарқырайды Жезқазған», «Қарқаралы», «Фосфорлы Жамбыл», «Талдықорған - әнім менің», «Теріскей», «Мойынқұмда», «Отырардағы той», «Өмір - өзен» т. б. өлеңдерінен кең байтақ жерімізге, елімізге деген ыстық ықылас, мейірім, сүйіспеншілік сезімдеріне толы. Ал «Бақыт құшағында», «Бәрінен де сен сұлу» сияқты әндері жастық жігер мен шаттыққа толы.
«Шәміл-ау!
Шәмші қайда? Шәмші қайда?
Шәмшіге айт,
Тағы да бір таңдандырсын,
Жындандырсын жүректі, жандандырсын!
Мәңгі өлмес Махаббатым айта жүрер,
Мәңілік өлмейтұғын ән қалдырсын!»
Ақиық Мұқағали Мақатаев Шәмшіге осылай деп өлең өрген. Шәмші артына мәңгілік өлмейтұғын қазына қалдырды да...
Сазгердің марш екпінді, мағына - мазмұны терең «Менің Қазақстаным» әні - бүгінгі күні тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің әнұраны.
Ш. Қалдаяқовтың көптеген әндері Р. Бағланова, Р. Абдуллин, Б. Төлегенова, Р. Мұсабаев, З. Қойшыбаева т. б. әншілердің репертуарынан берік орын алды.
Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық ерекшелігі - қазақстандық эстрадалық әндер әуенін ұлттық нақышпен байланыстыра білуінде. Оның көптеген шәкірттері өздерінің ұлағатты ұстазының дәстүрін күні бүгінге дейін жалғастыруда. Ш. Қалдаяқов әндерінің халықаралық фестивалі осыған дәлел іспеттес.
Қазақтың ән өнерін дамыту, Шәмші Қалдаяқовтың мол мұрасын халық арасында орындап жүрген дарынды жастардың шығармашылығына қолдау көрсету, қазақ эстрадасының маңдай алды шеберлерінің өнерін кейінгі жас буынға үлгі ету, сондай-ақ, қазақтың дарынды композиторының шығармаларын ұлықтап, бұқара халыққа насихаттау мақсатында елімізде «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне орай, «Менің Қазақстаным» атты Ш. Қалдаяқов әндерінің халықаралық фестивалі ұйымдастырылып отыр.
Қазақ ән өнерін дамыту және Ш. Қалдаяқовтың әндерін орындап жүрген жас таланттарға қолдау көрсету мақсатында өтетін конкурс екі кезеңнен тұрады. Барлық кезеңдер ашық түрде өтеді. Қатысушылар Ш. Қалдаяқовтың әндерін орындайды. Жас таланттардың, ерекше орындаушылардың елге ашылуы және айшықты гала-концерт болады деп күтілуде.
Жоспар бойынша, «Менің Қазақстаным» атты Ш. Қалдаяқов әндерінің халықаралық фестивалі тамыз айының аяғында қатарынан төрт күн бойы болады.
Қазақ Ұлттық өнер университенінің «Орган залында» 28-29 тамыз күні алғашқы кезеңі өтеді. Екінші кезең «Қазақстан» орталық концерт залында 30 тамыз күні жалғасады.
Ал жас таланттар мен танымал жұлдыздардың қатысуымен өтетін айшықты гала-концерт 31 тамыз, яғни Қазақстан Республикасының Конституциясы күні, барлық қонақтар үшін қазақтың дархан мінезін паш ететін «Этноауыл» ұлттық мәдени кешенінде өткізіледі.