ЭКСПО шары «Silk Way Star» жобасына қатысушы елдердің туының түсімен жарқырады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін елорда символы – ЭКСПО шарында алғашқы азиялық вокалдық байқауға қатысушы мемлекеттердің жалаулары көрсетілді.
«Silk Way Star» шоуы 20 қыркүйектен бастап Silk Way, Jibek Joly, Қытайдың CCTV-3 арнасында және қатысушы елдердің ұлттық арналарында көрсетіледі.
Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадио Кешені Президенті мен CMG медиакорпорациясы ұйымдастырып отырған байқауға 12 ел, атап айтқанда, Әзербайжан, Армения, Грузия, Малайзия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Оңтүстік Корея өкілдері қатысады.
«Silk Way Star» — әлемдік музыкалық индустриядағы жарқын құбылыс болмақ әрі Ұлы Жібек жолы бойындағы елдер мен халықтардың мәдени құндылықтарын паш етеді. Байқауға қатысушылар әр елдің мәдениетіне тән музыкалық стильдердің алуандығын, дәстүрлердің, әуендер мен орындау мәнерінің ерекшелігін көрсетеді.
Қазылар алқасының құрамында — танымал әртістер, композиторлар, продюсерлер мен медиа өкілдері бар.
«Silk Way Star» — азиялық музыканы насихаттау, халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайту және жаңа таланттарға жол ашатын алаң қалыптастыруға бағытталған бірегей жоба болмақ.
Осы байқауда Қазақстан атынан қатысып жатқан Alem «Мен үшін бұл үлкен мәртебе» деген еді.