Экспортқа шығатын «Халал» өнімдерді сертификаттайтын орган аккредиттелді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде алғаш рет «Халал» өнімдерін экспортқа сертификаттау жөніндегі орган аккредиттелді. Сауда және интеграция министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Серік Жұманғарин осылай мәләмдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру үшін техникалық реттеу жүйесі жетілдіріліп келеді. Бірінші, қазақстандық бизнесті қолдау үшін Еуразиялық экономикалық одақ деңгейінде өнімге қойылатын міндетті талаптар жеңілдетілді. Мысалы, автомобильдерге «SOS» батырмасын орнату бойынша міндеттемелер алынып тасталды. Сонымен бірге, отандық жүк вагондарын жөндеуге арналған мойынтіректер сертификаттаудан босатылды. Екіншіден, 77 сынақ зертханасы жаңғыртылды, 10 қазақстандық зертхана Еуразиялық экономикалық одақ тізіміне енгізілді. Барлық бизнес-процестер де цифрландырылды және «Е-КТРМ» ақпараттық жүйесі енгізілді. Алғаш рет «Халал» өнімдерін экспортқа сертификаттау жөніндегі орган аккредиттелді», - деп мәлім етті Серік Жұманғарин.
Бұдан бөлек, министр азық-түлікті арзандату үшін былтыр шет мемлекеттермен келісім жасай отырып, 1300-ден астам тауарға салынтын кедендік баж алынып тасталғанын айтты.