Экспортқа ветеринарлық сертификатты беру 14 күннен 1 сағатқа дейін қысқарады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық әрі фитосанитарлық қауіпсіздік саласында рұқсатнамалық құжаттарды берудің барлық процестерін автоматтандырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Экспортқа ветеринарлық сертификатты беру 14 күннен 1 сағатқа дейін қысқарады

«Мәселен, процестерді әрі мәлімет алуды автоматтандыру есебінен экспортқа ветеринарлық сертификатты беру мерзімі 14 күннен 1 сағатқа дейін қысқарады», - деп нақтылады ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев Үкімет отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік бойынша ілеспелі әрі рұқсатнамалы құжаттарды қарастырудың 13-інің ішінде 9-ы автоматтандырылған, алайда құжаттар қағаз түрінде беріледі.

2018 жылы олардың барлығы автоматтандырылады. Жалпы, министрлік мемқызметтердің 101 түрін іске асырады, оның арасында ішінара 62-сі автоматтандырылды.

Алдағы екі жылда мемқызметтердің 89-ын толықтай автоматтандыру жоспарланып отыр. Оның ішінде АӨК-ті қаржыландыру, өнім өткізу мен экспорттау шаралары, мемлекеттік бақылау, су және биоресурстарды басқару тәртіптері қамтылады.