Экспортшылар үшін көлік шығындарын төмендетудің барлық мүмкіншіліктерін ойластыру қажет - Үкімет басшысы
АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Экспортшылар үшін көлік шығындарын төмендетудің барлық мүмкіншіліктерін ойластыру қажет. Бұл туралы бүгін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның алқа мәжілісінде ҚР Үкімет басшысы Серік Ахметов айтты.
«Мен Көлік және коммуникация министрлігіне «Самұрық-Қазына» қорымен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, экспорттаушыларды қолдау тетіктерін жеңілдікті тарифтік қызметтер алу мүмкіншілігін, тасымалдау тарифтерін субсидиялауды зерделеп, ұсыныс енгізуді тапсырамын», - деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министрдің атап өтуінше, соңғы 5 жыл ішінде темір жол көліктерімен жүк тасымалдау тарифтері артуының орташа жылдық деңгейі 12 пайызға өскен. Бұл ретте, жүк тасымалдау тарифтерінің артуы Қазақстан экономикасы салаларының өсіміне еш кедергі келтірмеуі қажет. Сонымен қатар жүк тасымалдау қызметтері қолжетімді болғаны дұрыс. Өйткені, Қазақстанның экспорттық нарықтарының қашықта орналасқандығын әрі тікелей теңізге шығар жолының жоқ екендігін ескерер болсақ, онда бүгінде экспортқа жүк шығаруда басым рөл темір жолға тиесілі.
«Экспортшылар үшін көлік шығындарын төмендетудің барлық мүмкіншілікті нұсқаларын ойластыру қажет. Олар бізде айтарлықтай көп емес. Толықтай алғанда, бізге ел экономикасының барлық салаларының мүдделерін ескере отырып, орта мерзімге арналған теңгерімді тариф саясатын қарастыру керек», - деді С.Ахметов.