«Экспорттаушы өнеркәсіптің табысы еселенеді» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 5 қыркүйек, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
«Экспорттаушы өнеркәсіптің табысы еселенеді» - баспасөзге шолу
***
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мұрат Ахметовтің «Кәсіби аппарат мемлекеттік қызметтің абыройын асырады» деген тақырыптағы мақаласы жарияланды. Мақалада автор Ұлт жоспары қоғам мен мемлекетті қайта өзгертуге бағытталған, одан әрі өркениетке бастайтын құжат екендігін баса атап өткен. Оның пайымынша, ел келешегінің табысты болуына жетелейтін бұл құжат ағымдағы тарихи сатыда еліміз үшін айрықша және жоғары стратегиялық құндылыққа ие. 100 нақты қадамның қай-қайсысы да өзекті мәселелерді қамтыған. Басты назар кәсіби мемлекеттік аппаратты құруға бағытталғанын ерекше айта кету абзал. «Адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Осы құбылыспен күресу туралы 13-қадамда: «Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, сонымен бірге, жаңа заңнамалар әзірлей отырып, мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру» қажеттігі көрсетілген. Бұл ұйым жемқорлыққа жол беретін командалық ауыс-түйісті болдырмауға және қызметтік іс-әрекет жетістіктерінің «жадын» сақтап қалу үшін қажет деп ойлаймын», - деп жазады автор.
Еліміздегі валюталық дәліздің жойылып, айырбас бағамының еркіндікке жіберілуі бағаның шарықтауына жол бермейді. Қайта көптеген кәсіпорындардың, әсіресе, экспорттаушы өнеркәсіп орындарының табысы еселене түспек. «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрлан Мусин мәлімдеген. Басылымның жазуына қарағанда, Елбасының «100 нақты қадам» аясындағы тапсырмаларын орындауға байланысты атқарылған жұмыстармен таныстырған басқарма жетекшісі елімізде көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып, экономикамыздың ғана емес, әлеуметтік саланың өрлеуі бағытында нақты шаралар қолға алынғанын атап өтті. Үдемелі индустриялық-инно¬вациялық даму бағдарламасының алдағы бесжылдығы да экономиканы жаңғыртуға бағытталған. Жоспарға сәйкес, 2015-2019 жылдар аралығында 535,8 миллиард теңгенің 30 жобасы жүзеге асырылады. Биыл 13 жоба іске асырылып, 700 адам жұмыс орнымен қамтамасыз етілетін болады. Мақала «Экспорттаушы өнеркәсіптің табысы еселенеді» деген тақырыппен берілген.
***
Мәдениет және спорт министрлігі, «Қазақфильм» АҚ және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Еуразия» халықаралық кинофестивалі «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалімен бірігіп, қала күніне ерекше сый әзірлеп отыр. Бұл жайында «Айқын» газетінің сенбілік санындағы «Хакерді» халық қашан көреді?» деген тақырыптағы мақалада айтылған. Басылымның жазуынша, шараның салтанатты ашылуы әдеттегідей әлемдік және отандық өнер майталмандары мен жас артистердің қызыл кілеммен жүріп өту рәсімімен басталады. Одан кейін жұртшылық назарына «Рэкетир», «Жаужүрек мың бала» еңбектерімен есімі елге таныс отандық режиссер Ақан Сатаевтың канадалық әріптестерімен бірлесіп түсірген «Хакер» атты жаңа туындысы ұсынылады.
«Жер бетінде өмірге келген әрбір елуінші бала аутизм дертіне шалдығады. Ал Қазақстанда ше? Аутизм дертінің бала туа салысымен анықталмайтындығынан бұл диагнозды ә дегеннен анықтау қиын. Десе де, мамандар соңғы жылдары аутизмге шалдыққандар саны артып бара жатқанын айтады», - деп жазады «Айқын» газеті «Аутизмге шалдыққан бала қалай білім алады?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, кеше Астанада мектептік және мектепалды мекемелердегі аутизмге шалдыққан балаларды интеграциялау мәселелеріне арналған конференцияда соңғы бір жылдың өзінде елімізде аутизм дертімен тіркелгендер саны 2 мыңнан асқаны айтылған. Ал ғаламтордағы деректер 7 мың дейді. «Конференция қатысушылары үшін Дүниежүзілік арнайы білім беру және қызмет көрсету халықаралық қауымдастығының атқарушы директоры Томас Питер Гумпельдің баяндамасы қызықты болды деп ойлаймыз. Өйткені ол инклюзивті бағыт арқылы мүмкіндігі шектеулі балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкіншілігін қалыптастыруға болады деген пікірдегі ғалым. АҚШ, Оңтүстік Америка, Люксембург, Ирландия және Азия елдеріндегі жетекші институттарда арнайы білім беру салаларында сүбелі зерттеу жүргізген, көптеген ғылыми мақалалар жазған ғалым», - дейді мақала авторы.