Экспорттық баж алуға жатпайтын тауарлар экспортын электронды декларациялаудың ілкі жобасы енгізілмек

АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті үстіміздегі жылдың соңына дейін экспорттық баж алуға жатпайтын тауарлар экспортын электронды декларациялаудың ілкі жобасын енгізуді жоспарлап отыр.

Экспорттық баж алуға жатпайтын тауарлар экспортын электронды декларациялаудың ілкі жобасы енгізілмек

Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз-мәслихатында Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Игорь Тен мәлім етті.

«Бұл дегеніңіз, декларацияны ұсынуды, кеден төлемдерін төлеуді және басқа да кедендік ресімдеуге қажетті құжаттарды ұсынуды интернет арқылы жүзеге асыру, яғни «Қорғас» кеден бекетіндегі жүктердің декларациялануын ашық бақылауға мүмкіндік жасалып отыр», -дейді төрағаның орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, «Қорғас» өткізу тірегіндегі жүктердің жиналып қалу жағдайы негізінен Қытай жағынды болып отыр. Бұған жақында ғана «Атамекен» одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасы өкілдерінің Қорғаста ұйымдастырған журналистермен және басқа министрліктер мен ведомство өкілдерінің кездесуінде көз жеткізілді.

«Мәселенің туындау себебі, жүктер Қытайда жалған құжаттар негізінде ресімделген, ондағы мәліметтер нақты деректерден алшақ жатыр. Ал тиісті талаптарға сай ресімделген тауарлар, қазіргі кезде, еш кедергісіз кедендік ресімдеуден өткізілуде»,-деді И.Тен.