Экспорттық стратегияда әркімнің нақты міндеті болуы шарт - «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы
АСТАНА. ҚазАқпарат - "Kazakh Invest" ұлттық компаниясының басшылығы Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Экспорттық стратегиясында әрбір мемлекеттік орган мен ұйымның нақты міндетін көрсетуді қалайды.
Себебі бүгінде әркім осы саладағы шараларды өздігінше жүргізеді. Ал кейбіреулердің нақты ұстанымы да жоқ, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Басқарма төрағасының орынбасары Мейіржан Майкеновтың айтуынша, экспорттық стратегия аясында үйлестіру жұмысын күшейткен дұрыс. Аталған құжат арқылы республика бойынша экспорт стратегиясын бірыңғай жүйеге келтіру керек. "Себебі бүгінде әркім өздігінше жұмыс жасап келеді. Мәселен, ауыл шаруашылығы министрлігінде өз экспорттық саясаты бар. Ведомство жанында экспорттық орталық та бар. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығарумен айналысады. Мұнай-газ секторы өз саясатын жүргізіп отыр. Қазіргі кезде осы шикізаттық экспорттық болашағы қалай болады? Осы жағы да түсініксіз. Сыртқы істер министрлігі ұстанымы қандай? Аталған ведомство сыртта қолдау жасай ма? Жоқ па? "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұстанымы да анық емес", - деді Майкенов бүгін экспортты дамытуға арналған жиында.
Айта кетейік , осы отырыста ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаев эксплрт көлемінің азайып келе жатқанын жеткізді. Отандық кәсіпкерлер болса, жаңа нарықтарды игеруге құлшынбайды.