Экстремистік идеялардың таралуына ең әуелі зияткерлік тұрғыда қарсы тұру керек - Қайрат Лама Шәріп

- Қайрат Қайырбекұлы! «Діни экстремизмнің алдын алу» және «діни экстремизмге қарсы күресу» ұғымдарының арақатысы жөнінде не айтасыз? Олар тәжірибеде қалай жүзеге асып жатыр?
- Дін істері агенттігі конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету, азаматтардың діни сенім еркіндігі құқығын және діни бірлестіктермен өзара байланыс салаларын, сондай-ақ аталмыш бағыттағы салааралық үйлестіруде мемлекеттік стратегияны жүзеге асырушы орталық атқарушы орган болып табылады. Татулық пен тұрақтылық Қазақстанның ішкі саясатының басты басымдығы және де республикамыздың өрлеп өркендеуінің қажетті алғышарты болып табылады, сондықтан да мемлекетте оларды қамтамасыз ететін тұтастай бір жүйе қалыптасқан. Осы жүйеде Агенттік өзіндік орынға ие. Бүгінгі дін секілді өте нәзік саладағы тұрақтылыққа төнген сын тегеуріндер мен қатерлер экстремизм түрінде бой көтерді. Идеология, теріс пиғылға үндеу яки лаңкестік әрекеттер арқылы діни экстремизм өзіне жол салып жатыр. Сөз жоқ, біз Қазақстан Республикасының «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес діни саладағы экстремизмге тойтарыс беріп, ымырасыз күресуге тиіспіз. Осы Заңға сәйкес, діни экстремизммен күресу мемлекеттік органдардың қызметіне жатады. Яғни, адам құқықтары мен азаматтардың бостандықтарын, Ата Заң негіздерін қорғауға бағытталған шараларды жүзеге асыру көпконфессиялы еліміздің тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздігін экстремизм қатерінен қорғап, экстремизмнің алдын алу, анықтау, жолын кесу және оның салдарын жою, сондай-ақ экстремизмнің жүзеге асуына жол ашатын себептер мен алғышарттарды анықтап, жойып отыру мемлекеттік органдардың басты міндеті. Бір сөзбен айтқанда, заңнамалық деңгейде экстремизмнің тамырын терең жаюға мүмкіндік бермейтін алғашқы кезеңінен бастап оны залалсыздандырып отыруға басымдық беріледі.
Отандық заңнаманың нормаларын орындау үшін агенттік өз Ережесінде бекітілген ақпараттық-насихаттық шараларды жүзеге асыру міндетіне ден қояды. Осы міндеттің аясында халық арасында діни экстремизмнің алдын алу үшін ақпараттық-насихат топтары құрылып, олар Агенттік пен оның жергілікті департаменттері басшылығымен бүкіл Қазақстан аумағында ақпараттық жұмыстар жүргізуде. Мұндай топтардың құрамына имамдар, дінтанушылар, ғалымдар, дін істері бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері кіреді. Жұмыс барысында ақпараттық-насихат топтары халықтың барлық әлеуметтік топтарын қамтуға тырысуда, бұл жұмыстарда бірінші кезекте, әрине, жастар ортасы кеңінен қамтылуда.
- Сіздіңше, бүгінгі экстремистің бет-бейнесі қандай?
- Бәріміз экстремизм атаулының идеология ілгішінен басталатынынан хабардармыз, яғни, адамдарды мотивациялап іс-әрекетке итермелейтін идеялар шоғыры. Сондықтан да діни экстремизмді КСРО тарауының көп салдарының бірі ретінде көрсетсек қателеспейміз. Ескі идеалдар құлады, ал қоғам жаңаларын қалыптап үлгермеді. Міне, нақ сол сәтте посткеңестік кеңістікке әлемнің түкпір түкпірінен қоғамдық және мемлекеттік құрылыстың әралуан нұсқалары ентелей енді. Бұл дүрмектен шетелдік діни және діни-саяси топтар да тыс қалмады. Бұған біздің батыс шекарамызға таяу аумақта Ресей Федерациясының лаңкестерге қарсы әскери қимылдар жүргізгенін қосыңыз. Олар өздерінің діни-саяси түсініктеріне сәйкес федерация құрамынан бөлініп шығуға тырысты. Бұл оқиғалар еліміздің батыс өңірлерінде идеялық тұрғыда тұмау секілді жұқты. Осындай әсерлердің нәтижесінде кейбір жастар дәуірлер қиылысындағы бағдарсыз буын ретінде идеологиялық ықпалға ұшырады, мұны тіптен, шетелдік экстремистік орталықтар тарапынан туындаған идеологиялық диверсия деп атауға да болады.
- Қазақстандағы діни радикализм туралы сөз қозғалса сәләфизм тақырыбы баса айтылады. Сәләфизмнің Қазақстан үшін дәстүрлі болып табылатын ханафи мазхабынан басты айырмашылығы неде?
- Сунниттік исламдағы мазхабтарды христиандықтағы православие мен католицизммен әсте салыстыруға болмайтынын атап өткен жөн. «Мазхаб» сөзінің өзі «бағыт, дұрыс жолға шақыру» дегенді білдіреді. Фикх бойынша мазхабтар бар, яғни, ислам құқығы бойынша және де ақида бойынша, былайша айтқанда, сенімге негізделген мазхабтар бар. Шариғаттың құқықтық мектептері бір бөлек те, өзіндік құдайтанушылық танымдарын алға тартқан мектептер бір бөлек.
«Мазхабтар» деп құқықтық мектептерді, ал құдайтанушылық мектептерді «ақидалар» деп атайды. Бұл қалыптасқан үрдіс. Осы екі белгіге қарап-ақ исламдағы барша бағыттарды жіктеуге болады. Дегенмен де мазхаб пен ақиданың мүлдем екі бөлек нәрсе екенін ұғып алған жөн. Мәлім болғандай, дәстүрлі құқықтық мазхабтардың саны төртеу: ханафи, шафиғи, мәлики, ханбали. Құдайтанушылық ірі мектептердің саны екеу: ашариттік және Орталық Азия үшін дәстүрлі саналатын матруди мектептері. Бұл орайда матруди ақидасы тарихи тұрғыда белгілі бір аймақтарда ханафи мазхабымен астасқан, ал ашариттік болса, шафиғи және мәлики мазхабтарымен және т.б астарласып кеткен.
Сәләфизмнің кеңінен таралған елдеріне Сауд Арабиясы және де онымен жапсарлас жатқан Парсы шығанағы елдері жатады. Оларда ханбали мазхабы басымдыққа ие. Дегенмен сәләфизмнің өзі бір мазхабты ұстануды міндетті деп білмейді, ал кейбір сәләфи ғұламалары басы бүтін мұндайды жоққа шығарады. Осы себепті де кеше ғана намаз үйренгеніне қарамастан қандай да бір «мазхабтың қажеті жоқ» деп негізсіз жар салатын сәләфи қара көз жігіттерді кездестіре аламыз.
Сәләфилер «сәләфтердің таза ақидасын ұстанамыз», яғни, «алдыңғылардың жолымен жүреміз» деп даурығады. Ислам дәстүрінде алғашқы үш толқын, яғни, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) сахабалары және де одан кейінгі мұсылмандардың екі толқыны осылай аталады. Алайда дәстүрлі құдайтанушылық мектептерінің көптеген өкілдері мұнымен еш келіспейді.
Сонымен қатар Қазақстандағы сәләфиттердің көпшілігі қазақ салт-дәстүрлерін «бидғат» («рұхсат етілмеген жаңалық») немесе «ширк» (Аллаға серік қосу) санай отырып түбегейлі жоққа шығарады. Бұл ретте олар қазақтардың кейбір ұлттық дәстүрлерінің пайда болуының тарихи себептерін түсінуге тырыспайды.
Қоғамымызда орын алған тағы бір даулы мәселе - біздің сәләфи деп есептелетін діндарлар саудиялық шейхтердің өз азаматтары - саудиялықтар үшін шығарған пәтуаларын жиі қолданып, ойланбастан ел ішінде насихаттап жүр. Бірақ ислам дәстүрінде пәтуаларды әр елде өзінің мүфтиі шығаратыны жұртқа белгілі. Бір мәселе бойынша үкім нақты бір қоғамдағы жағдайларға байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Тағы да қайталап айтамын, бұл ислам құқығының негіздері. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағаланың адамдарды әртүрлі қылып жаратқандығы туралы айтылады («Әй адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық). (49-сүре «Хужурат», 13 аят).
Сондықтан, аяғына нық тұра бастаған және қоғамдық, соның ішінде діни санасы қалыптасып келе жатқан жас мемлекетімізде мұндай алауыздыққа жол берілмеу қажет деп есептейміз. Бұл қолды қусырып қарап отыруға болмайды деген сөз. Кең ауқымды ағартушылық жұмыс жүргізу қажет, бұл тұста Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына зор тарихи жауапкершілік жүктеліп отыр. Мұндағы басты мәселе сонда, біздің елімізде діни әдеп-ғұрыптар мен дәстүрлер сабақтастығы үзіліп қалған, осы себепті де бір уақытта айнадай тазаланған діни өрісте әралуан дәстүрлі емес ағымдар арам шөп сынды қаулады және де бұл сөзіміз исламдық ағымдарға ғана қатысты емес.
Сонымен, қазіргі ең маңызды жайт - жастарымызды, өскелең ұрпақты осындай келеңсіз көзқарастарға ұрынудан сақтап қалу. Ал үйірінен адасқандар ерте ме, кеш пе, ақылға келсе керек. Қазірдің өзінде сәләфилер 2000-шы жылдардағыдай емес, өздерін анағұрлым сақ ұстайды. Кейбіреулері тіпті күнделікті тұрмыста дәстүрлі ханафи мазхабын қабылдауға әзір, қала берді мешітте отырғанда имамдар өтініп жатса «әмин» деп айғайлауын да қойып келеді.
- Сонда өзін-өзі жаратындар, полиция қызметкерлерін атып жатқандар кімдер?
- Мұны тәкфіршілер мен жихадшылар жасап жатыр. Шынтуайтында, бұл бір үдерістің екі сатысы, тәкфір мен жихад жариялаудың арасы бір-ақ қадам. Өздерінің құдайтанушылық көзқарастары бойынша олар сәләфилерге жатады, яғни, сәләфи ақидасын ұстанады, әйтсе де саяси тұрғыда Мысыр радикалы, 1966 жылы өлім жазасына кесілген, кейде бүгінгі мұсылман әлеміндегі барша экстремистік ағымдардың «өкіл әкесі» атанып жүрген Саид Кутбаның әдісіне сәйкес әрекет етеді. Сондай-ақ ол «Мұсылман бауырлар» қозғалысының радикалды қанатының идеологтарының бірі. Сондықтан да біз тәкфиризмді діни экстремизмнің ең бір қатерлі түрі ретінде танимыз.
- Соңғы кездері сәләфилермен қатар «Таблиғи жамағат» атауын алған қозғалыс туралы әңгімелерді де құлағымыз жиі шалып қалып жатады. Осы жөнінде айтсаңыз?
- «Таблиғи жамағат» - сөзбе сөз берер болсақ, «Уағыз қауымы», 1926 жылы Үндістанда Маулана Мұхаммад Ильяс тарапынан ұйымдастырылған саяси, пацифистік діни қозғалыс. Қозғалыстың ерекшелігі бағдарламасының, жарғысының, мүшелік институтының жоқтығы. Таблиғишылар жүйелі тәжірибе мен үй аралап, есіктен есікке жалғасқан белсенді уағызды ең басты құндылық деп біледі. Дегенмен олар терең діни білім алғанды құптай бермейді, оған немқұрайды қарайды, арзымайтын нәрсе деп есептейді. Ал бізде сауатсыз уағызшылар онсыз да жеткілікті. Өткен ғасырдың 20-шы жылдарында Үндістанда лайық болған нәрсе XXI ғасырдағы Қазақстанға мүлде үйлеспейді.
- Радикалды діни ағымдарға қалай қарсы тұруға болады?
- Күштік және превентивті әдістер бар. Превентивті жұмыстардың сапалық тұрғыда жақсарғаны дұрыс. Осыған байланысты, қоғамдағы ондай экстремистік идеялардың таралуына ең әуелі зияткерлік тұрғыда қарсы тұру керек. Діни экстремистерді залалсыздандыруда өзге де ықпал ету шараларымен қатар теологтардың рөлі аса зор. Тәжірибелі теологтар, дінтанушылар, дін саласы мамандары - экстремистер мен радикалдардың идеологтарына сауатты әрі жоғары дәрежеде қарсы тұра алатын қоғамның бірден-бір категориясы. Теологтар қасиетті Құран кітабындағы қазыналы әмбебап білімге ие. Діни догматика саласы мен діни сенімнің доктриналық ережелерін, рәсімдерді және өзге де культтік практикаларға қатысты білімнің молдығы оларға батыл идеялық қарсыластарымен ұстасуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ радикалды діни ағымдарға қарсы күресу жолдарын іздеумен жекелеген ғылыми-зерттеу орталықтары айналысады..
- Ислам туралы айтқанда заманауи өмір салты, білім мен мәдениетті дінмен ұштастыру мәселесі де қылаң береді. Басқаша айтқанда, ислам мен модернизацияның астасуы мүмкін бе?
- Ханафи мазхабының рухани практикасы ұлттық мәдениет пен жалпыадамзаттық құндылықтарға құрметпен қарап келді. Бұл түсініктің өзегінде ертеден исламға тән болған толеранттылық пен ашықтық ұғымдары жатыр. Қазақстандағы ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің дүниетанымдық кешені шамамен біржарым мың жылға созылған ислами өрнек арқылы қалыптасты.
Заманауи қоғам өскелең дінилік пен модернизацияның үйлесе алатынын күн тәртібіне қойып отыр. Біздің еліміздегі модернизация әділдік, адалдық, руханилық, білім, еңбек, сенім және құқық басымдығы секілді құндылықтардың қоғамда қалыптасуына байланысты. Бұл құндылықтардың бәрі де ислам құндылықтары болып табылады. Бірақ бұл үшін имамдармен тізе қоса отырып әрекет ету керек. Мешіттердегі уағыздарда дінге шақыру ғана емес, жастарды рухани дамуға, білімге, кемелденуге, қоғам игілігі үшін тер төгуге шақыратын насихаттар да айтылуы керек.
Ислам оқшаулану мен рухани кембағалдықты қабыл алмайтын дін, ол дінге сенушілерді жалпыға түсінікті гуманистік құндылықтарға баулиды.