Экстремистік топтарға қатысатындардың 80 пайызы жастар - Ж. Дәуренов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Экстремистік топтарға қатысатындардың 80 пайызы жастар, олардың арасында қазақстандық жастар да бар. Бүгін Астана қалалық көші-қон саясаты басқармасы мен «Ұлағат» қоры ұйымдастырған дөңгелек үстел барысында Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетіне қарасты «Мәдениет пен діннің халықаралық орталығы» басқармасы директорының орынбасары Жорабек Дәуренов мәлім етті.
«Қазіргі күні терроризм мен экстремизм секілді қатерлермен күрес проблемасы аса өзекті болып барады, ал оның таралу аумағы мен қарқыны әлемдік қауымдастыққа қатер төндіріп отыр. Соның ішінде экстремистік әрекеттерге жастарды тартуға байланысты жағымсыз үрдістер ерекше алаңдаушылық тудырады. Сарапшылардың бағалауы бойынша экстремистік топтарға қатысушылардың 80 пайызға жуығы 20 мен 30 жас аралығындағы азаматтар. Өкінішке қарай, олардың арасында Қазақстанның келешегі саналатын жастарымыз да бар», - деді Ж. Дәуренов.
Оның айтуынша, деструктивті ұйымдар мен экстремистік топтарға жастардың қосылуына басты себептердің бірі радикалды үндеулерге қарсы психологиялық орнықтылықтың жеткіліксіздігі, діни сауаттылықтың төмендігі, лайықты білімнің жоқтығы. Сонымен қатар, оңай ақша табу мен тез баюды ойлағандар да, өмірдегі өкініштеріне кек алуды мақсат еткендер де осындай ортаға тап болып жатады.
Еске сала кетейік, шараға жастар ұйымдарының, мемлекеттік органдар, діни мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдар, оқу мекемелерінің өкілдері қатысты.