Экстремистік ұйымдар өз идеяларын таратуда пайдаланушылардың 90 пайызын жастар құрайтын - интернетті тиімді қолдануда
Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Қазақстан дін танушыларының ІІ Форумында ҚР Дін істері агенттігіне қарасты Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының
директоры Айдар Әбуов айтты.
Оның атап өтуінше, бүгінде әлем елдерін діни экстремизм мен лаңкестік алаңдатып отыр. Оның салдары адамдардың құқықтары мен бостандықтарына зиянын тигізу үстінде. Соңғы жылдары еліміздің батыс, оңтүстік өңірлерінде де адам қазасына әкелген лаңкестік көріністер де орын алды.
«Қазіргі уақытта еліміз дүниежүзі елдерімен қатар шекарасыз кеңістік саналатын ғаламтор әлеміндегі көптеген лаңкестік мәселелермен жолығуда. 21 ғасыр жетістігі саналатын интернет өзінің ашықтығы мен қолжетімділігі арқасында экстремистік ұйымдардың қызығушылығын туындатты. Бүгінгі күні экстремистік топтар мен ұйымдар өз идеяларын тарату мен адам тартуда интернет кеңістігін тиімді қолдануда», - деді ол.
Оның пайымынша, ғаламтор қолданушылардың 90 пайызын жастар құрайтын ескерер болсақ, онда экстремизмнің интернет кеңістігіндегі көрінісінің алдын алудың маңыздылығы мен өзектілігі айқындала түседі.
«Бүгінгі күні көптеген жастардың дінге деген қызығушылықтары артып келеді. Мешіт имамдарының үйретуінен тыс исламды түсінгісі келген жастар, әлбетте интернет сайттардан басқа да жат пиғылды ақпарат көздеріне жолығуда. Теріс пиғылды ақпараттар жастардың психиялық ой-өрісіне, сана-сезіміне кері әсер етіп, ұлттық рухани бағытта өсіп-өркендеуіне кедергі келтіретіні анық», - деді А.Әбуов.