ЭКҰ-мен босанған әйел: «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы ана атану бақыты бұйырды
Ата-ана атанып отырған ерлі-зайыпты осы қуанышты 2016 жылдан бері күткен. Алена Долгихтың айтуынша, бірнеше жыл бойы бала көтере алмағандықтан әуелі Өскемендегі Ана мен бала орталығына барып қаралыпты. Сондағы дәрігерлер ем-дом тағайындағанымен, одан еш нәтиже болмаған.
«2020 жылы ЭКО-ға квота алу үшін құжаттарымды жинап, тиісті жерге өткіздім. Бірақ шынымды айтсам кезегім осыншама тез келеді деп ойламаған едім. Оған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Аңсаған сәби» бағдарламасын іске қосуы себеп болды. Осының арқасында квота саны артып, кезек тез жылжыды. Сол үшін Мемлекет басшысына зор алғыс!», - деді 35 жастағы әйел.
Содан соң емхана таңдап, анализдер тапсыруға көшкен. Қажетті құжаттарды жинауға да көп уақыт кетпепті.
«Құдайға шүкір, бәрі ойдағыдай болды. Елордаға барып, экстракорпоралды ұрықтандыру жасаттым. Бірінші реттен оң нәтиже болып, құрсағыма сәби бітті», - деді Алена Долгих.
Осылайша, әйел Шығыс Қазақстан облысында «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша тұңғыш нәрестені дүниеге әкелді. Ұлдың салмағы - 3661 грамм, бойы - 52 см.
«Өзімізді сондай бақытты сезінудеміз. Барлық жұмыстар тегін болып, отбасымыздан еш шығын шыққан жоқ. Ұлымыздың атын Марк деп қойдық», - деді азаматша.