Эквадор Германияны жеңіп, әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Эквадор құрамасы АҚШ-тың Нью-Джерси штатында өткен 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының Е тобындағы соңғы матчында Германияны 2:1 есебімен жеңіп, 1/16 финалға жолдама алды, деп хабарлайды FIFA.

Эквадор Германияны жеңіп, әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шықты
Photo credit: FIFA

Германия кездесудің 2-минутында есеп ашты. Лерой Зане ұлттық құрама сапындағы алғашқы голын соғып, Германияның әлем чемпионаттарындағы 1934 жылдан бергі ең жылдам голының авторы атанды.

Эквадор 9-минутта таразы басын теңестірді. Жартылай қорғаушы Нильсон Ангуло мергендік танытып, алғашқы таймда есепті 1:1-ге жеткізді.

Екінші таймның басында төреші Германияның пайдасына пенальти белгілегенімен, бейнеқайталау жүйесі (VAR) арқылы эпизодты қайта қарап, Лерой Заненің Педро Витеге бұған дейін ереже бұзғанын анықтап, шешімін өзгертті.

Эквадор жеңіс голын 77-минутта соқты. Кевин Родригес допты Гонсало Платаға бағыттап, ол дәл соққымен допты қақпаның жоғарғы бұрышына кіргізді.

Жеңілгеніне қарамастан, Германия құрамасы доп айырмасы бойынша Кот-д’Ивуардан басым түсіп, алты ұпаймен топтағы бірінші орнын сақтап қалды. Кот-д’Ивуар да топтық кезеңді алты ұпаймен аяқтады.

Бұған дейін әлем чемпионатының он төртінші ойын күнінің қорытындысы бойынша Швейцария, Канада, Бразилия және Марокко құрамалары 1/16 финалға жолдама алғаны, ал Оңтүстік Африка құрамасы өз тарихында алғаш рет плей-офф кезеңіне шыққаны хабарланған.

Сондай-ақ Колумбия екінші рет жеңіп, плей-офф сатысына шықты.