Эквадор түрмесіндегі бүлік: 100-ден астам сотталушы қаза тапты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Эквадордың Гуаякиль қаласындағы Литорал түрмесінде сейсенбіде басталған сотталушылар арасындағы төбелесті тоқтатуға төрт жүз полицей тартылды. Қарсылас топтар арасындағы қарулы қақтығыстан 116 адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.
Ресми тұлғалардың айтуынша, бұл – елдегі пенитенциарлық жүйе тарихындағы ең қанды төбелес.
Сейсенбідегі төбелес кезінде кем дегенде бес сотталушының басын кесіп тастаған. Ал оқ жарақатынан бірнеше адам қаза тапты.
Литорал түрмесінде мексикалық есірткі картельдерімен байланысы бар деп саналатын Эквадор бандалары жазасын өтеп жатыр. Оны елдің ең қауіпті түрмелерінің бірі деп атайды.
Полиция қолбасшысы Фаусто Буэнаньо сотталушылардың гранаталары болғанын айтады. Бақылауды қалпына келтіру үшін 400 полиция қызметкері қажет болған. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, бүліктің шығуына Эквадорда жұмыс істейтін есірткі саудасымен айналысатын ірі мексикалық бандалар себеп болған.
