Эквадордағы сайлауда Даниэль Нобоа жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Эквадордың Ұлттық сайлау кеңесі (ҰСК) қазіргі президент Даниэль Нобоаны президенттік сайлаудың екінші турының жеңімпазы деп атады. Бұл туралы ҰСК басшысы Диана Атамаинт баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп жазады Reprt.

— ҰСК «Ұлттық-демократиялық әрекет» партиясынан ұсынылған кандидаттар — Даниэль Нобоа мен Мария Хосе Пинтоны (президент және вице-президент лауазымдарына — ред.) жеңімпаз деп есептейді, — деді ол.
Бұған дейін Нобоаның қарсыласы Луиса Гонсалес жеңілісті мойындаудан бас тартып, дауысты қайта санауға шақырған болатын.
ҰСК 92,64% хаттаманы өңдегеннен кейін жарияланған деректерге сәйкес, Нобоаға сайлаушылардың 55,88%-ы, ал Гонсалеске 44,12%-ы дауыс берген. Кандидаттар арасындағы айырмашылық 1,1 миллионнан астам дауысқа жеткен.
Айта кетейік, бұған дейін Эквадорда президенттік сайлаудың екінші кезеңі өтуі мүмкін екенін жазып едік.