ЕҚЫҰ байқаушылары Қасым-Жомарт Тоқаевтың штабына барды

НҰРСҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросына қарасты халықаралық бақылаушылар миссиясының Қазақстан Республикасындағы сайлауды бақылаушылары кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ЕҚЫҰ байқаушылары Қасым-Жомарт Тоқаевтың штабына барды

Республикалық штабтың жетекшісі Мәулен Әшімбаев «NurOtan» партиясы сайлаудың адал және әділ өтуіне мүдделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан бойынша «NurOtan» үміткерінің 19,5 мыңға жуық сенімді өкілі бар. Олар 17 облыстық және 210 аудандық және қалалық қоғамдық штаб құрамында белсенді жұмыс жүргізіп отыр.

Айта кетсек, ҚР Президенттігіне үміткер Аманкелді Таспиховтың Алматы облыстық штабы «Келешек» жастар кеңесімен бірге «Жігер» атты мүгедектердің қоғамдық бірлестігіне барып қайтқан болатын.

Еске салсақ, кеше президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбековтің Көкшетау облыстық сайлауалды штабы «РИО» сауда ойын-сауық орталығында флешмоб өткізген болатын.

Ал үміткер Әміржан Қосанов Павлодар облыстық сайлауалды штабының белсенділерімен және жергілікті тұрғындармен кездескен.

Сәдібек Түгелдің Түркістан қаласындағы сайлауалды штабы болса, «Киелі жерлерге тағзым» атты автошеру ұйымдастырды.

«Ақ жол» партиясы атынан президент сайлауына түсіп жатқан Дания Еспаева павлодарлық кәсіпкерлермен кездесіп, мәселелерін тыңдады.

«Ауыл» партиясы атынан президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбеков Маңғыстау жұртшылығына сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

Президентікке тағы бір үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың штабы үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездескен болатын. Нақтырақ айтсақ, еліміздің бірнеше аймағында жергілікті қоғамдық штаб мүшелері үкіметтік емес ұйым өкілдерімен және блогерлермен кездескен.

Сондай басқосудың бірі Жамбыл облысында ұйымдастырылды.