ЕҚЫҰ Cаммитіне келетін шетелдік қонақтарды орналастыру үшін Астанадағы 150 қонақүйден 68-і таңдап алынды

АСТАНА. Қазанның 28-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - ЕҚЫҰ Cаммитіне келетін шетелдік қонақтарды орналастыру үшін Астана қаласындағы 150 қонақ үйден 68-і таңдап алынды. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Астана қалалық Туризм және спорт басқармасының бастығы Айталап Қорғанбаев айтты.

ЕҚЫҰ Cаммитіне келетін шетелдік қонақтарды орналастыру үшін Астанадағы 150 қонақүйден 68-і таңдап алынды

Оның сөзіне қарағанда, Cаммит қонақтарын орналастыруға қолайлы деп табылған 150 қонақүйдің 68-і таңдап алынып, тағы 10-ы резервке қойылды. Резервті есептемегенде, қонақүйлер 4701 адамды қабылдай алады. Олардың ішінде 4 мейманхана - «5 жұлдызды», 7 - «4 жұлдызды», 17 - «3 жұлдызды» және қалғандары 1-інші, 2-нші санаттағылар.

Бүгінгі күнге дейін 68 қонақүйдің 63-іне автотұрақтар мен көліктердің келу жолдары жасалды, 48-іне ағымдағы, 27-сіне күрделі жөндеулер жүргізілді. Онымен бірге ғимараттың сыртқы келбетін сәулеттендіру және ауласын абаттандыру жұмыстары жасалды. 53 қонақ үй Wi-Fi жүйесіне және жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосылды. Әкімдік өкілінің айтуынша, бүгінде 63 қонақүй мәртебелі қонақтарды қабылдауға толық дайын.

Қазақстан және оның халқының қонақжайлылығын алғашқы сәттерден сезіндіру үшін, әрбір қонақүй табалдырығын аттаған мейманды ұлттық киім киген ұл-қыздар қарсы алып, ЕҚЫҰ эмблемасы мен ұлттық нақыштар бейнеленген қаптамадағы шоколад конфеттерді ұсынатын болады.

Сондай-ақ Қорғанбаев, саммит күндері мейманханалар қызметтерінің бағасы қымбаттамайтынына сендірді. «Саммитке қатыстырылатын қонақүйлерді кеңеске шақырған алғашқы күні-ақ олар бізге өздерінің қызметтерінің бағасын берген болатын. Прайс-қағаздар кейін Сыртқы істер министрлігіне жолданды, қазір броньдау сол баға бойынша жүргізіліп жатыр», - деді ол.

Мысалға «5 жұлдызды» «Рэдиссон» қонақүйінде стандартты бір және екі орындық нөмірлер тәулігіне сәйкесінше 495 және 540 еуро тұрса, президенттік люкстар (барлығы 2 нөмір) - 1500 еуро, корольдік люкс (1) - 5000 еуро тұрады. Мейманхана барлығы 250 адамды қабылдай алады.

Басқарма бастығының айтуынша, мемлекеттер басшыларын орналастыру үшін «5 жұлдызды» қонақүйлерден бөлек, «Қараөткел» кентіндегі коттедждер қалашығы да жұмылдырылатын болады.

Еске салайық, алдағы желтоқсан айының 1,2 күндері Астанада өтетін ЕҚЫҰ басшыларының саммитіне шамамен 5 мыңға жуық шетелдік қонақтар келеді деп күтілуде.