ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясы елімізге Президенттік сайлауға 400-ден астам байқаушы жібереді
АСТАНА. 28 ақпан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ДИАҚБ) миссиясы елімізге Президенттік сайлауға 400-ден астам байқаушы жібереді.
Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен кездескен аталған миссияның басшысы, елші Даан Эвертс мәлім етті.
«Астанада сайлау бойынша 14 халықаралық сарапшы тұрақты болады. Олар сайлау өткізуді талдау, бақылаумен және ресми мәселелермен айналысады. Сонымен қатар 30-ға жуық адам елдің барлық өңірлеріне жіберіледі. Осылайша елде шамамен 45 ұзақмерзімді байқаушы болады», - деді миссия басшысы.
Сайлау күнінде қосымша 400 қысқамерзімді байқаушы келетіндігін атап өткен ол, бірқатар байқаушы бүгіннен бастап міндеттерін орындауға кірісетіндігін жария етті.
Кездесу барысында Қ.Саудабаев мәртебелі мейманға алдағы Президенттік сайлауға дайындық барысымен егжей-тегжейлі таныстырды. Өз сөзінде Сыртқы істер министрі еліміздің халықаралық стандартқа сай ашық, айқын әрі әділ сайлау өткізуге зор маңыз беретіндігін баса айтты. Сондай-ақ ол Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюроның еліміздегі Президенттік сайлауға бақылау жасауға қатысуы ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан төрағалығы мен Астанада өткен ұйымның саммитінен кейінгі тарихи оқиға болатындығын сөз етті.