ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету кезінде отандық өнер ұжымдары Еуропа елдеріне бірқатар гастрольдік сапарлар жасайды
sp;АСТАНА. Желтоқсанның 8-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстан Республикасының 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі кезінде қазақ халқының мәдениетімен таныстыру мақсатында отандық өнер ұжымдары Еуропа елдеріне бірқатар гастрольдік сапарлар жасайтын болады - үстіміздегі жылғы қарашаның 13-і күні Елбасы Н.Назарбаевпен болған тікелей эфирге сұрақтарды қабылдаған www.line.gov.kz сайтына өз сауалын жолдаған Еділхан Алмасханға берілген жауап осындай болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Е.Алмасхан: «Келер жылы еліміз ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі кезінде Еуропа елдеріне қазақтың аса мол мәдениетін таныстыру мақсатында қандай шаралар атқарылып жатыр?» - деген сауал жолдаған болатын.
Бұл сауалға үстіміздегі желтоқсан айының 2-сі күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жауап беріп, төрағалық шеңберінде Қазақстан шет елдерде бірқатар мәдени шаралар мен мәдениет күндерін өткізуді жоспарлап отырғандығын жеткізді.
Олардың қатарында тек Вена қаласына жоспарланған үш концерттік гастроль бар. 2010 жылғы қаңтардың 13-іне белгіленіп отырған бірінші концерт «Фестзал» (Festsaal) Хофбург сарайында, ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің қорытындылары бойынша елдің төрағалық етуіне орай Қазақстан өнер шеберлерінің концерті өтеді. Бағдарлама аясында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестрі, хор, балет труппасы және К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының симфониялық оркестрі мен әншілері өнер көрсететін болады.
Екінші концертті жаз айларында өткізу ұсынылып отыр. Өнер сүйер шетелдік қауымды шеберлікпен орындалған қазақтың дәстүрлі музыкасымен және дәстүрлі, классикалық әндермен тәнті ету көзделуде. Концертке Н.Тлендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі мен көптеген эстрада әншілері қатысады.
Үшінші концертте Қазақстан мәдениетінің сан алуандығын көрсету жоспарлануда. Онда ұлттық, классикалық және қазіргі заманғы эстрада жанрында өнерлер көрсетілетін болады.