«ЕҚЫҰ-ға төрағалық Қазақстанға үлкен жауапкершілік жүктейді» - республикалық басылымдарға шолу

***
«Қос шатырлы парламенттің «Барыс жылындағы» бірінші жалпы отырыстарына жиналған Төменгі палатасында ЕҚЫҰ-ның тізгіні қазақ елінің қолына көшуіне қатысты біраз мәлімдемелер жасалды. Мәжілістің жаңа жылдағы алғашқы отырысын ашқан палата төрағасы Орал Мұхамеджановтың пікірінше, бұл шара биылғы жылғы «еліміз үшін аса маңызды оқиға» ретінде бағалануға тиіс. Ал Мәжіліс депутаты Зейнолла Алшымбаевтың байламынша, бұл жас мемлекетіміздің «әлемдік саясаттағы жеңістерінің жемісі!», деп жазады «Айқын» газеті. Жазылған жайтты егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, осы басылымда жарық көрген «Адам тәнін емес, жанын емдеп жүргендер» кім?» атты мақаланы оқыңыз.
Кеше елорданың барлық емханаларында «Нұр Отан» ХДП-ның партиялық бақылау бекеттері ашылды. Осыған орай «Айқын» газетінде жарияланған мақалада аталған партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин мен Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің қаладағы Медициналық ақпараттық-талдау орталығының Сауықтыру бюросында болғандығы айтылған.
Бұл айтулы шара «Литер», «Экспресс К», «Вечерняя Астана» басылымдарында да егжей-тегжейлі жазылған.
ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретіндегі Венаға жасаған алғашқы сапары Австрияның еуропалық және халықаралық істер жөніндегі федералдық министрі Михаэл Шпинделеггермен кездесуден басталды. Айтулы шараға орай «Айқын» басылымының бейсенбілік нөмірінде «ЕҚЫҰ-ға төрағалық Қазақстанға үлкен жауапкершілік жүктейді» деген тақырыппен көлемді мақала жарық көрді.
***
«Бұл жобалар бұрынғыдан өзгерек». Осы тақырыппен «Астана ақшамы» басылымында көлемді мақала жарық көрді. Басылымның жазуынша, Астана қалалық әкімдігі Абайға және Жәнібек пен Керей ханға елордада қойылатын ескерткіштердің жобасына арналған республикалық конкурс жариялаған. Желтоқсанның 1-і мен қаңтардың 8-і аралығында өткен ашық байқауға еліміздің әр аймағынан 30 туынды түскен. Олардың ішінде 10 жоба қазақ хандарына, ал 20-сы Абайдың тұлғасын сомдауға арналған. Кеше қала әкімі И.Тасмағамбетов төрағалық еткен байқау мүшелері жеңімпаздарды жариялады. Сонымен елорда төрінде асқақтайтын ескерткіштердің авторлары кім, олар қаланың қай жеріне орнатылады, мүсіндер неден және қайда жасалады деген сауалдар мазаласа, басылымда жарық көрген мақаланы оқыңыз.
Осы басылымда жарық көрген келесі мақала «Азиадаға 380 күн қалды» деген тақырыппен басылған. Онда «Ақ олипиада» деген жанама атауы бар байрақты бәсекенің тарихына, оның 2011 жылы еліміздегі ашылу және жабылу салтанаттары Астана мен Алматы қалаларында өтетіндігіне, сонымен қатар салынып жатқан нысандарға шолу жасалған.
«Астана ақшамы» басылымының дәстүрлі «Әлеумет сауалы - әкім жауабы» айдарында елорда әкімі И.Тасмағамбетов қала халқының қойған сауалдарына тұщымды жасап берген.
***
«Біздің заманымыздың қаһарманы кім?». «Нұр Астана» газетінің осы сауалына бірқатар азаматтар жауап берген. Мәселен, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы Әлихан Бөкейхановты, Мұстафа Шоқайды, Халел Досмұхамбетовті, ал Түркістан газетінің тілшісі Динара Мыңжасарқызы Тоқтар Әубәкіровті заманымыздың қаһарманы санайтындықтарын айтқан.
***
«Экономика» газетінің жазуынша, Болгария елінің «Standart» атты ағылшын тілінде жарық көретін газетінде желтоқсанның 16-сы күні «Қазақстан «Бургас-Александропулос» жобасына қатысуға әлі келіскен жоқ» атты материал шыққан. Онда басылымға сұхбат берген ҚР Сыртқы істер министрлігі консулдық департаменті басшысының орынбасары тиісті сұраққа жауап беру барысында осындай пікір білдірген.
«Қамданған қапы қалмайды» деген нақылды берік ұстанған Үкімет өткен жылы дер кезінде қимылдап, басты экономикалық көрсеткіштердің құлдырауына жол бермеді. Ал биылдан бастап еліміздің халық шаруашылығы еңсесін тіктеп, өсіп-өркендеудің даңғыл жолына түспекші. Үкіметтің есебінше үстіміздегі жылы Қазақстан экономикасының өсімі 2,4 пайызды құрамақ. Мұндай болжам 2010 жылы мұнайдың орташа әлемдік бағасы 50 АҚШ долларын, 2011-2014 жылдары 60 АҚШ долларын құрайды деген негіз бойынша жасалып отыр деп түйіндейді ақпарат көздері», деп жазады «Экономика» газеті. Айтылған жайттың егжей-тегжейін басылымда жарық көрген «Экономикалық өсім сақталады» атты мақаладан біле аласыздар.
***
«Кеше Австрия астанасында Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы лауазымына кірісуіне байланысты гала-концерт өтті», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның жазуынша, бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің арнайы отырысына қатысушылардың алдында бейнежолдау арқылы сөз сөйлейді деп күтілуде. Одан кейін ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевқа сөз беріледі.
Кешегі жұмыс бағдарламасы барысында еліміздің сыртқы саясат ведомствосының басшысы Австрия Республикасының федералдық президенті Хайнц Фишермен кездесті. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары және ағымдағы жылғы жағдайы жайында пікір алмасты. Сондай-А Қ.Саудабаев Австрия Президентіне Елбасы Н.Назарбаевтың ағымдағы жылы Қазақстанға шақыруын табыс етті.
Осы тақырыпты қаузаған материалдар «Литер», «Экспресс К», «Вечерняя Астана» газеттерінде де жарық көрді.
«Қазақстан әлемнің 133 елінің ішінен өзінің көлік инфрақұрылымының сапасы бойынша 69-шы орынды алады», деп жазады «Литер» газеті. Басылымның жазуынша, бұл бәсекелестіктің жаһандық индексін есептейтін Бүкіләлемдік экономикалық форумның бағасы. Таяу 5 жылдықта республикада жалпы құны 2,4 трлн. теңгені құрайтын 56 жоба жүзеге асады. Бұл өз кезегінде аталған рейтингтегі көлік инфрақұрылымының ұстанымын біршама жақсарта түседі. Аталған мәліметтерді кеше Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өткен ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің кеңейтілген алқасында сөз сөйлеген көлік ведомствосының басшысы Әбілғазы Құсайынов білдірген.