ЕҚЫҰ-ға жаңа көзқарастар керек - сенатор Ғарифола Есім
АЛМАТЫ. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - ЕҚЫҰ-ның болашағы ұйым мүшелерінің өз қолында. Оны ҚР Парламент Сенатының депутаты Ғарифола Есім ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымында неше түрлі елдер бар. Экономикасы ілгері кеткен, демократиясы, мәдениеті дамыған елдер көп. Елу алты елге төрағалық ету қазақ халқының тарихында бұрын болып көрмеген үлкен жауапты іс. Төрағалық ету деген жай әншейін нәрсе емес 56 елдің мәселесіне араласу. ЕҚЫҰ-ның төрағалығын қабылдаған соң Қазақстан халқына жолдаған Үндеуінде Елбасы Хельсинки қорытынды актісіне қол қойылған тамыздың 1-ін ЕҚЫҰ күні деп жариялауды ұсынатынын жеткізген еді. Егер бұл ұсыныс ұйымға мүше елдер тарапынан қолдау табатын болса, Қазақстан тарихында қалатын оқиға болмақ", дейді сенатор Ғарифолла Есім. ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымының докторы, профессор Ғ. Есімұлының пайымдауынша, қазір ЕҚЫҰ-ға жаңа көзқарастар керек. Ұйымның болашағын баянды ету оған мүше мемлекеттердің өз қолында. Елбасы өз үндеуінде және кешегі Жолдауында Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде жүзеге асыратын шараларды баяндады. Оны қолдау, не қалыс қалу ұйым мүшелерінің өз қолдарында тұр.