ЕҚЫҰ Қазақстанда өткен президент сайлауының нәтижелерімен танысты
АСТАНА. ҚазАқпарат - 30 сәуірде Вена қаласындағы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының штаб-пәтерінде негізгі шешім қабылдайтын орган - Тұрақты кеңестің кезекті отырысы өтті, деп жазады ҚР СІМ ресми сайты.
Отырыс барысында ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан делегациясының басшысы - ҚР-дың Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Сарыбай 26 сәуірде Қазақстанда өткен Президенттік сайлаудың қорытындылары бойынша баяндама жасады. Қазақстандық дипломат ЕҚЫҰ-ға мүше қатысушы-мемлекеттердің делегацияларына іс басындағы Президент Нұрсұлтан Назарбаев 97,7% дауыс жинап сенімді жеңіске жеткенін, ал ҚР Коммунистік халық партиясынан сайлауға түскен Тұрғын Сыздықов 1,6% және Қазақстан Кәсіподақ федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов 0,64% дауысқа ие болғанын хабарлады.
Өз таңдауын елінің саяси тұрақтылығы, қауіпсіздігі және дамуына, сондай-ақ Президент Н.Назарбаевтың басшылығымен іске асырылып жатқан реформаларға бағыттаған дауыс берушілердің сайлауға белсенді қатысуы Қазақстан азаматтарының жоғары құқық мәдениеті мен саяси белсенділігінің көрсеткіші болғаны атап өтілді.
Тұрақты кеңес Президент Н. Назарбаевтың бағдарламасы, бес институтционалды реформаларының іске асырылуы туралы жоспар мен осы мақсатта құрылған жаңарту бойынша Ұлттық комиссия жөнінде ақпараттандырылды.
Отырысқа қатысушылар 37 мемлекет пен 7 халықаралық ұйым атынан қатысқан халықаралық бақылаушылардың бағаларымен танысты. Бақылаушылардың басым бөлігінің пікірі бойынша, сайлаудың халықаралық стандарттар мен Қазақстан Ата Заңында қарастырылған нормалар мен қағидаттарға сай ашық және әділ өтті.
ЕҚЫҰ ДИАҚБ бақылаушылар миссиясының есебіне қатысты Елші аталған беткеұстар ұйыммен ынтымақтастық құрудың және оның білімі мен тәжірибесін кеңінен пайдаланудың маңыздылығына назар аударды.
Отырыс барысында бірқатар басқа да делегациялар баяндама жасады. АҚШ және ЕО Қазақстанның негізгі серіктесі екенін атап өтті және сайлау мәселелерін қоса алғанда, барлық салада ынтымақтастықты белсенді түрде дамытуға дайын екендерін жеткізді.
Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан делегацияларының баяндамаларында сайлаудың ұйымдастырылуы мен өткізілуіне жоғары баға берілді. Сондай-ақ дауыс берушілердің белсенділігі мен бірауыздан іс басындағы Президентке қолдау көрсеткені жөнінде атап өтілді.