ЕҚЫҰ кеңістігінде ұлтаралық және дінаралық қатынастардың маңызы арта түсті - Қ. Мами

АСТАНА. 23 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Қысқы сессиясының отырысына қатысу үшін Қазақстанның парламенттік делегациясын бастап келген Парламент Сенатының Төрағасы

ЕҚЫҰ кеңістігінде ұлтаралық және дінаралық қатынастардың маңызы арта түсті - Қ. Мами

Қайрат Мәми Венада Ұйымның Бас хатшысы Ламберто Заньермен кездесті.

Сенат Төрағасы бұл кездесу біздің еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына кіргеніне 20 жыл толатын жылы өтіп отырғанын атап өтті.

- «Осы жылдарда біз ЕҚЫҰ қызметінің ауқымды мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастық пен іс жүзіндегі өзара іс-қимылды өрістеттік»,- деді Қ.Мәми.

Қ.Мәми атап өткендей, қазіргі кезде ЕҚЫҰ кеңістігінде ұлтаралық және дінаралық қатынастардың маңызы арта түсті. Еуропада қалыптасқан құндылықтар жүйесі мен жедел өсіп келе жатқан ұлттық диаспоралардың мәдениеттері арасындағы дүрдараздық байқалады.

Осыған байланысты төраға «қазіргі кезде ЕҚЫҰ жауапты аймақта өркениетаралық, мәдениетаралық және дінаралық үнқатысудың қажеттігі өткір сезіліп отыр. Біз ұлтшылдықты, діни төзбеушілікті, нәсілшілдікті, жатсыну мен антисементизмді жеңу үшін ЕҚЫҰ әлеуетін белсенді түрде пайдалануды жақтаймыз»,- деп атап өтті.

Одан басқа Сенат Төрағасы Қазақстан Парламенті Мәжілісінің парламенттік сайлау қорытындылары туралы хабардар етіп, «еліміздің саяси дамуы үшін сайлаудың маңызы зор»,- деп атап өтті.

Оның айтуынша, «Парламенттің төменгі палатасына үш партияның өтуі пікірсайыстар мен идеялардың бәсекелестік деңгейін арттырып, Парламенттің және тұтастай еліміздің саяси жүйесін нығайтады».

Үстіміздегі жылдың 30-31 мамырында Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV Съезі өтетіні туралы айта келіп, Қ.Мәми «діни форумның басты мақсаты халықаралық қақтығыстарды шешудегі әлемдік діндердің діни және адамгершілік әлеуетін біріктіру болып табылады»,- деп атап өтті.

- «Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізу туралы бастамасы халықаралық тұрғыда мойындалды»,- деді төраға.

ЕҚЫҰ Бас хатшысы Ламберто Заньер өз кезегінде мәдениетаралық және дінаралық үнқатысуды ілгерілетудегі Қазақстан рөлін жоғары бағалай келіп, «толеранттық мәселесі ЕҚЫҰ күн тәртібінде бірінші орында тұр»,- деп атап өтті.

- «Біз өз тарапымыздан Қазақстан Елбасының Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізу туралы бастамасын құптаймыз»,- деді ЕҚЫҰ Бас хатшысы.

Л.Заньер 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалық еткенін айта келіп, «Қазақстан Республикасы мен ЕҚЫҰ елдерінің парламенттік топтары арасындағы тығыз ынтымақтастықты одан әрі қалыптастыру өте маңызды»,- деп атап өтті.