ЕҚЫҰ кеңістігіндегі мигранттардың көпшілігі ТМД елдерінің азаматтары
АЛМАТЫ. 15 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - ЕҚЫҰ кеңістігіндегі миллиондаған мигранттардың көпшілігі ТМД елдерінің азаматтары.
Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан Орталық Азиядағы босқындарды қорғау және халықаралық көші-қон туралы аймақтық конференцияда ЕҚЫҰ-ның Экономикалық-экологиялық қызметін үйлестіруші Горан Свиланович айтты.
Оның пікірінше, көші-қонды басқаруда кешенді шаралар жасау үшін ынтымақтастық орнату керек. «Біз бұл әдісті аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызды факторлардың бірі деп санаймыз. ЕҚЫҰ мен Халықаралық көші-қон ұйымы осы конференцияны ұйымдастырушылардың қатарында болуы біздің ынтымақтастығымыздың тағы бір факторы. ЕҚЫҰ кеңістігіндегі миллиондаған мигранттардың көпшілігі ТМД елдерінің азаматтары», - деді Г. Свиланович.
Онң айтуынша, статистикалық көрсеткіштер мигранттар қабылдаушы елдің экономикалық әлеуетін көтеретінін көрсетіп отыр. Олар бұл жағынан өз елінің инвесторы болып табылады. Көші-қон кедейшілік деңгейін төмендетуге әсер етіп, ішкі нарықтың еңбекпен қамту жүктемесін жеңілдетеді. ЕҚЫҰ соңғы жылдары халықаралық серіктестерімен бірлесіп көші-қон мәселесіне қатысты әртүрлі білім беру мен анықтамалық материалдарды және статистикалық деректерді басып шығарды.