ЕҚЫҰ-на төрағалық біз үшін үлкен мүмкіндік - Мемлекеттік хатшы
sp; АСТАНА. Қарашаның 24-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Еуропаның демократиясы ең дамыған деген елдерінің өкілдері құрған беделді ұйым. Ал оған төрағалық ету - бізге сеніп тапсырылған үлкен мүмкіндік.
Қазақстан бұған лайықты. Еліміздің мұндай жетістікке қол жеткізуіне Қазақстанның азаматтық қоғамын құрап отырған үшінші сектор өкілдерінің де қосқан үлестері зор. Бұл туралы IV Азаматтық форум барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы- Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің ұлтаралық, ұлысаралық төзімділікті қалыптастыру мен азаматтың ең басты, ең маңызды құқығы, яғни адамдардың лайықты өмір сүруге деген мүмкіндігін қамтамасыз ету бағытындағы тәжірибеміз қазір үлкен қажеттілік тудырып отыр. Біз бұл мәселені халықаралық ұйымға төрағалық еткен кезде де көтеретін боламыз. Өйткені қазір Еуропаның дамыған, мамыражай тіршілік кешіп отыр деген елдерінің өзінде осы мәселеде біршама проблемалар бар», деді Мемлекеттік хатшы.
Оның сөзінше, Қазақстан үшін ЕҚЫҰ-на төрағалық ету еуропалық стандарттарға жақын болуға жағдай тудыратын жақсы мүмкіндік.
Әлем Қазақстанның саяси жүйесі берік, экономикасы мықты мемлекет екендігіне дағдарыс кезінде де көз жеткізді. Біз бұл дағдарыстан аса үлкен қиындық көрген жоқпыз. Ол қоғам үшін аса үлкен қауіп болған жоқ. Біз бүгін осы қиындықтарды еңсеріп, еліміздің жаңа даму кезеңіне аяқ басқалы отырмыз.