ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы Қ.Саудабаев Түрікменстанға ресми сапар жасайды

аусымның 21-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Маусымның 23-і мен 24-і аралығында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы- Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Түрікменстанға ресми сапары өтеді.

ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы  Қ.Саудабаев Түрікменстанға ресми сапар жасайды

Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, Қ.Саудабаев сапар барысында Түрікменстан Президенті Құрбанқұлы Бердімұхамедовпен, Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары - Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен, Меджлис төрағасы Ақджой Нұрбердыйевамен келіссөздер жүргізеді. Оның барысында Түрікменстан мен ЕҚЫҰ арасындағы байланыстар және өзара екіжақты ынтымақтастық мәселелері сөз болады. «Сапардың екінші күні ЕҚЫҰ-ның төрағасы Орталық Азия мен Каспий бассейні өңіріндегі қарусыздану мәселелері жөніндегі халықаралық конференцияда кіріспе сөз сөйлейді. Қ.Саудабаев сонымен қатар аталмыш конференцияның пленарлық отырысында «Орталық Азия мен Каспий теңізі бассейні өңіріндегі қарусыздану мәселелері бойынша талдау және шолу» тақырыбында баяндама жасайды. Осы отырыста Каспий теңізі маңындағы мемлекеттердің сыртқы істер ведомстволарының басшылары да сөз сөйлейді деп күтілуде», деді А.Әбдірахманов.