ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде Қазақстан Ұйымның гуманитарлық қоржынын нығайту бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде - ҚР СІМ Айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі М. Жарбосынова
ЖІҢ. Қазанның 27-сі. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде Қазақстан елдің ішінде де, сондай-ақ ЕҚЫҰ кеңістігінде де адами өлшемдерді нығайту бойынша демократиялық институттарды дамытуға, адамның құқықтары мен бостандығын қорғауға, заңның үстемдігін ілгерілетуге бағытталған ауқымды жұмыстарды жүргізіп келеді. Сөйтіп гуманитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларының тиімділігін арттырып отыр.
«Адам құқығы және даму» тақырыбына арналған ІІІ Бейжің форумында ҚР Сыртқы істер министрлігінің Айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі Мәдина Жарбосынова осы және басқа мәселелер туралы ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.
М. Жарбосынованың айтуынша, ЕҚЫҰ-ның үш өлшемінің ішінде гуманитарлық қоржын мәселесі жұртшылықтың назарын көбірек аударады, себебі дәл осы бағыт қоғамдық өмірдің ең маңызды қырларын қамтиды. Қазақстандық төрағалық гуманитарлық өлшемдегі өз жұмысының үш негізгі басымды бағытын айқындады. Бірінші бағыт - толеранттылық және кемсітпеушілік; екінші бағыт - гендерлік теңдік; балалар саудасына айрықша назар аудара отырып, адам саудасымен күрес үшінші басымдық болып табылады.
«Мен бірінші күні, пленарлық мәжілістің ашылуында сөз сөйлеу мүмкіндігіне ие болдым және жиналған қауымға адам құқықтарын қорғау және қамтамасыз ету үшін жағдай жасаудағы қазақстандық тәжірибе туралы, елімізде құрылып, осы бағытта жұмыс істеп жатқан институттар жайлы әңгімелеп бердім. Мен сондай-ақ адам құқықтарын қорғау саласын дамытудағы соңғы әдіс-тәсілдерге, атап айтқанда 2012 жылғы кезеңге арналған ұлттық іс-қимыл жоспарына, адам құқығын қамтамасыз етудегі және қорғаудағы жағдайды жақсартуға, азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған құқықтық саясаттың жаңа тұжырымдамасына тоқталдым», - деп атап көрсетті дипломат өз сөзінде.
М.Жарбосынова Қазақстанда әлеуметтік тапсырыстар мен грантар бөле отырып мемлекет қолдау көрсетіп, қаржыландырып жатқан үкіметтік емес ұйымдардың саны өте көп екенін айтты. Жалпы алғанда, елімізде үкіметтік емес ұйымдардың көпшілігімен жақсы диалог жолға қойылған.
Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне тоқталған М. Жарбосынова, қазірдің өзінде оған әзірлік шараларының басталып кеткенін, атап айтқанда Тұрақты кеңестің шешімімен Саммит қарсаңында шолу конференцияларының ұйымдастырылатынын айтып өтті. «Мысалы, қыркүйектің 30-ы мен қазанның 8-і аралығында Варшавада шолу конференциясының бірінші бөлімі өтті және ол адами өлшем мәселесіне арналды. Осы конференцияда ресми делегациялар тарапынан Қазақстанның төрағалығына, оның ішінде адами өлшем аясындағы біздің міндеттемелеріміздің орындалуына, біздің инновациялық бағыттарымызға жоғары бағалар берілді», - деді ол.
«Міндетті шаралармен қатар, біз екі үлкен форум өткіздік. Олар: Копенгаген міндеттемелерін жөніндегі конференция және біздің елімізде өткен толеранттылық мәселесіне арналған конференция. Бейбітшілікті, келісім мен толеранттылықты қалыптастыру қаншалықты қиын екенін, ал олардан айырылып қалу оп-оңай екенін біз жақсы білеміз. Сондықтан да Бейжің форумында айтылғандай, превентивті шаралар, дәстүрлі мәдени құндылықтарды сақтау аса қажет», - дейді қазақстандық дипломат.
М. Жарбосынованың пікірінше, осы тұрғыдан алғанда елімізде құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бірегей институт болып табылады. Және Қазақстан осы тәжірибесін ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аясында таратуға тырысты. "Ассамблея - біздің елімізде өмір сүріп жатқан аз ұлттардың өкілдеріне мол мүмкіндік беретін, атап айтқанда олардың құқықтарының қорғалатынын, ана тілдері мен төл мәдениттеріне деген құқықтарын мемлекет қолдайтынын паш ететін, сондай-ақ оларға сайлауға қатысу және Парламентке өз өкілдерін сайлау мүмкіндігін беретін құрылым болып табылады», - дейді М.Жарбосынова.