ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздік институтын құру кезінде жергілікті мамандарға көбірек басымдық беру керек - саясаттанушы Әзімбай Ғали
АЛМАТЫ. 2 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Саясаттанушы Әзімбай Ғалидың пайымдауынша, қазір қарама-қайшылықтарды шешу кезінде, мәселенің түйінін тарқатудан көрі оның алдын алудың тиімді екеніне елдің бәрінің көзі жетіп отыр.
Сондықтан Елбасының ЕҚЫҰ Саммитінде ұйым шеңберінде қауіпсіздік бойынша әртүрлі проблемаларды болжау жұмыстарын атқаратын институттарды құру жөніндегі ұсынысы мәселенің түйінін тарқатуға жасалған маңызды қадам болмақ.
"Қазір Ауғанстаннан шығатын есірткінің 70-80 пайызы Орталық Азия арқылы Ресейге, одан Батыс Еуропа елдеріне таралады. Бұл - мәселенің бір жағы ғана. Ал діни экстремизм, лаңкестік сияқты өзге де әлеуметтік түйткілді мәселелер де қазір өзінің өзектілігін жойған жоқ. Сондықтан жаңадан құрылатын қауіпсіздік институтында жүйелі әлеуметтік, саяси және тарихи зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Онда ең алдымен жергілікті мамандардың жұмыс жасауына ерекше көңіл бөлу қажет. Себебі қазір мұндай институттарда зерттеу жұмысын көп жағдайда жергілікті халықтың тілі мен ділінен мағлұматы аз адамдар жүргізіп жүр. Қазақ тілін білмей - Қазақстанды, қырғыз тілін білмей - Қырғызстанды зерттеп және мұсылмандықтың негізін білмей исламға сипаттама беріп жүргендер бар", дейді тарих ғылымының докторы Әзімбай Ғали.
Оның айтуынша, Қазақстандағы мамандардың деңгейі қазір жаман емес. Бүгінгі таңда сарапшылардың жаңа буыны қалыптасып үлгерді. Жалпы барлық мәселе қазір мамандардың біліктілігіне байланысты.