ЕҚЫҰ өкілдерімен кездесуде Қазақстанда жыл сайын жарты миллионнан астам адамның құқықтары қорғалатындығы атап өтілді - Бас прокуратура

Кездесуге ЕҚЫҰ-ға мүше-мемлекеттердің 18 елшісі, ЕҚЫҰ-ның Елшісі-Астана қаласындағы офисінің жетекшісі, сондай-ақ Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Терроризмге қарсы орталығының, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері қатысты.
Жиналғандардың алдында сөз сөйлеген Бас Прокурордың орынбасары Андрей Кравченко қонақтарды Қазақстанның прокуратура органдары қызметінің мақсатымен, басым бағыттарымен, прокурорлық қадағалаудың ерекшеліктерімен, құқық қорғаушылық функцияларымен таныстырды.
Соның ішінде прокуратура органдары жыл сайын жарты миллионнан астам адамның құқықтары мен мүдделерін қорғайтыны аталып көрсетілді.
Қазақстанда жылдың басында қылмыстық сот өндірісінің жаңа моделін енгізгеннен кейін соттарда мемлекеттік айыптауды қолдаудың тиімділігі артты.
Бұл ретте Қазақстанның прокуратурасы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және халықаралық құқықтық қауымдастыққа интеграциялану үдерісіне үлкен назар аударады.
Өзекті бағыттар бойынша шетелдік серіктестермен тығыз ынтымақтастық және жемісті келіссөздердің нәтижесінде қылмыстық сот өндірісі саласында АҚШ, Испания, Италия, Қытай, Венгрия және Канаданы қоса алғанда 44 екіжақты мемлекетаралық келісімшарт жасалды.
БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және өзге халықаралық ұйымдардың құқық қорғаушылық және терроризмге қарсы құрылымдарымен ынтымақтасуға ерекше мән беріледі. Кейінгі бес жылда Қазақстанға, соның ішінде Бас прокуратураға БҰҰ-ның 8 Арнайы баяндамашысы келді. Сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Орталығының бастамасымен және қолдауымен кейінгі екі жылда 40 бірлескен жоба жүзеге асырылды.
Кездесу барысында оған қатысушы өзге де құқық қорғау және арнаулы органдардың өкілдері қонақтарды өз ведомстволарының қызметімен таныстырды.
Қонақтардың назарына трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, есірткі бизнесіне, киберқылмыстылыққа, экстремизм және терроризмге қарсы күрес салаларындағы ынтымақтастықтың неғұрлым маңызды бағыттары бойынша ақпараттар ұсынылды. Сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы құқық қорғау органдарының өкілеттіктері, экономика саласындағы заңдылықтың сақталуын қадағалау ерекшеліктері туралы ақпараттар қонақтардың ерекше қызығушылығын туғызды.
ЕҚЫҰ-ға мүше-мемлекеттердің тұрақты делегацияларының өкілдері азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекетаралық келісімдер шеңберінде қылмыспен күрес салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі арттырудың маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.