ЕҚЫҰ саммиті барысында қауіпсіздік мәселесіне ден қою күшейтілетін болады - ТЖМ
АНА. 15 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Төтенше жағдайлар министрлігі ЕҚЫҰ Саммиті барысында қауіпсіздік мәселесіне ден қоюды күшейтетін болады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко айтты.
«ЕҚЫҰ Саммиті мен Қысқы Азиада ойындары барысында өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты көп шаралар атқарылып жатыр. Біз өрт қауіпсіздігіне қатысты барлық нысандарды, оның ішінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын толық тексеріп шықтық. Сот арқылы бірқатар ұйымдарды өртке қарсы барлық шараларды орындауға мәжбүрледік. Осыған орай қонақүйлер мен ресми шаралар өтетін нысандардағы өрт қауіпсіздігі сақадай сай деп айтуға болады», - деді министр. Оның айтуынша, бүгінгі күні саммитке қатысты төтенше жағдайлар бағыты бойынша қосымша күштер тартылып, оларды орналастыру орындары анықталған. Ал қызметкерлер күшейтілген режимде жұмыс істейтін болады.
«Сонымен бірге, саммит барысында төтенше жағдайлар желісі бойынша астаналықтарға қандай да бір шектеулер жасалмайды. Дегенмен, біз ғимараттардағы, құрылыстардағы қауіпсіздік мәселесіне ден қоюды күшейтетін боламыз. Мәселен, тыйым салынған орындарда темекі шегілмеуін қатаң бақылаймыз. Яғни азаматтардан орындалуы қарапайым әрі аса қажетті шараларды толық талап ететін боламыз», - деді министр.