ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңында Астанада балалар мен жасөспірімдер арасында қылмыстық ахуалды жақсарту мақсатында іс-шаралар жоспары бекітілді
Балаларды қадағалаусыз қалдыруды, жасөспірімдер арасындағы қылмысты, нашақорлық пен маскүнемдікті ескерте отырып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған іс-шаралар жоспарын Астана қалалық Ішкі істер департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы, Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы мен «Жас Отан» жастар қанаты әзірледі.
Оның шеңберінде есірткіге қарсы күреске бағытталған көпшілікке арналған шаралар ұйымдастырылады, атап айтқанда, түрлі акциялар, слеттер, спорттың әр түрі бойынша турнирлер мен жарыстар және тағы басқалар.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Марат Құрмановтың айтуынша, алғашқы шара бүгін басталады. «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері қала бойынша Астаналық ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқарамасының анонимді телефондары көрсетілген стикерлерді іліп шықпақ.
Бұдан кейін, қазанның 1-16-сы аралығында «Famous» ойын-сауық кешенінде орта білім беру мекемелерінің би ұжымдары арасында жалпықалалық байқау өтеді.
Сондай-ақ, қыркүйектің екінші онкүндігінде және қазан айында орта мектептердің арасында футболдан жалпықалалық турнир мен ең үздік сурет, бейнеролик, плакат және шығарма бойынша шығармашылық байқау ұйымдастырылады.
Ал арнайы білім беру мекемелерінің қатысушылары үшін Психологиялық театр «Қара мен ақтың күнделігі» атпен есірткіге қарсы қойылым ұсынады.
Іс-шаралардың өткізілу орны және уақыты жайында толық ақпаратты www.ast.dvd.mvd.kz сайтынан білуге болады.