ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңында: «Бұл Саммиттің біз үшін жөні бөлек»
АНА. 15 қараша. ҚазАқпарат - Алдағы 1-2 желтоқсан күндері елордада ЕҚЫҰ-ның саммиті өтеді. Саммит қарсаңында «ҚазАқпарат» ұлттық ақпарат агенттігі қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына және Астана Саммитіне арналған барынша қызықты әрі өзекті материалдарға шолуын ұсынады.
«Известия» газеті 9 қараша күнгі санында «У Казахстана есть шанс войти в историю» деген тақырыппен сұхбат жариялады. Сұхбат беруші Ұлыбритания Біріккен Корольдігінің Солтүстік Ирландия мен Қазақстандағы және Қырғызстандағы елшісі Дэвид Моран. «Қазақстан ТМД кеңістігінде ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырған тұңғыш мемлекет екендігіне мақтануы керек. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі төрағалық ісін жақсы ұйымдастырды. Бұл әсіресе, Қазақстанның Қырғызстанда болған жағдайларға қатысты жедел әрі тиімді шешім қабылдай білуінен жақсы көрінді. Әрине, ұзақ жылдар бойы жалғасын тауып келе жатқан шиеленістерді бір жылда шешіп тастау мүмкін емес. ЕҚЫҰ-да шиеленістерді шешетін мықты тетік бар, бірақ өте икемді ұйым болуы керек және төтеден болған проблемалар бойынша жедел қадамдар жасай білуі үшін Ұйымның төрағасына еркіндік беру керек. Біз Саммит барысында осы салалар бойынша институциялық табыстарға қол жеткізу үшін Қазақстанмен бірлесіп жұмыс істегенді жөн көріп отырмыз. Қорыта айтатын болсақ, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы нақты нәтижелер бойынша бағалаланатын болады. Ал Саммиттің нәтижелері прогрестің ең үздік көрсеткіштері болады», - дейді Елші.
***
«Экспресс К» басылымының 10 қараша күнгі санында «Ошибка Редьярда Киплинга» атты мақала жарияланды. Онда еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы туралы келелі мәселелер қозғалған және төрағалыққа қатысты әртүрлі сарапшы мамандар мен халықаралық ұйымдар өкілдерінің пікірлері жарияланған. ЕҚЫҰ-ның Қырғызстандағы өкілдігінің басшысы Эндрью Тезорьердің пікірінше, Қазақстан Қырғызстан экономикасын қалпына келтіру ісіне алғашқылардың бірі болып ұмтылды. «ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының бастамасымен шілде айында Қырғызстандағы жағдайларға арналған халықаралық конференция өтті. Оның барысында қырғыз еліне 1 млрд. доллар көлемінде қаржылай көмек көрсету туралы келісім жасалды. Астана болса Бішкекке өз тарапынан 10 млн. долларға жуық қаржы берді. Қазақстан этникалық толқулардың аймаққа жылдам тарап кету ықтималдығын бірден түсінді және оның әрекеттері бос сөзге емес, нақты іске негізделді. Қазақстан экономикалық көмекті қамтамасыз ету мақсатында донорларды ортақ мақсатқа өте сәтті жұмылдыра білді», - дейді Э. Тезорьер.
***
«Казахстанская правда» басылымының 11 қараша күнгі санында «Подводя итоги миссии» деген тақырыппен мақала басылды. Басылымның жазуынша, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында атқарған жұмыстар Алматыдағы дөңгелек үстел отырысында талқыланған. Шарада сөз сөйлеген ЕҚЫҰ-ның Астанадағы өкілдігінің басшысы Александар Кельчевский алдағы Астана Саммитті ағымдағы жылы қауіпсіздік мәселесіне қатысты қолға алынып отырған ең маңызды шар болатынны атап көрсеткен. «Меніңше, Саммит қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы соңғы кезең емес. Ол, керісінше, осы бағыттағы жұмыстарға жаңаша жол ашады. Саммитте қабылданған шешімдерді кейінірек Еуропа елдері жалғастыратын болады. Мен алдағы жиын көпшілік қауымның талқысына салынып отырған мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстарға тың серпін берсе екен деген ойдамын. Сондай-ақ меніңше, Қазақстан мен Орталық Азия аймағы еуроатлантикалық және еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне үлкен үлес қосады деп ойлаймын», - дейді А.Кельчевский.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің 13 қарашадағы санында Мәжіліс төрағасының орынбасары ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының Қырғызстан бойынша Арнайы өкілі Жәнібек Кәрібжановтан алынған сұхбат жарияланды.Сұхбаттың тақырыбы - «Тыныштық арқылы - тұрақтылыққа, татулық арқылы - тұтастыққа» деп аталады.
«Қазақстан халықаралық ұйымға төрағалық жасауға кірісерінің алдында мақсат еткен іс-шараларының басым көпшілігін орындады деп нық сеніммен айтуға болады. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер қазірдің өзінде Қазақстан ұйымға төрағалықты абыроймен атқарып келеді деген пікір білдіруде. Ұйымға төрағалықты өз деңгейінде атқаруымыз еліміздің беделі мен мәртебесін көтеруде. Екіншіден, халықаралық қоғамдастықтың Қазақстанға деген оң көзқарасын әрі қарай нығайтуда. Үшінші жағынан, төрағалық біздің еліміздің қазіргі кездегі ұстанған саясатын одан әрі дамытуға жол ашты. Дәлірек айтқанда, үлкен мүмкіндік берді. Сонымен қатар біз, беделді халықаралық Ұйымға төраға ретінде ЕҚЫҰ-ның алдағы кезеңдердегі тыныс-тіршілігін кеңейтуге өзіміздің үлесімізді қосып келеміз», дейді Ж. Кәрібжанов сұхбатында.
Сондай-ақ «Егемен Қазақстанның» 13 қараша күнгі нөмірінде «Қазақстан төрағалығы ортақ таңданыс тудыруда» атты мақала басылды. Мақалаға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Бас хатшысы Николай Бордюжаны қабылдаған кезде талқыланған мәселелер арқау болған. Кездесуде Н. Бордюжа Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттердің кеңістігіндегі қауіпсіздік жүйесіне тиісінше ықпал ететінін атап көрсеткен. «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезеңінде Қырғыз Республикасындағы оқиғалар орын алды және Қазақстанның төрағалығымен Қырғызстандағы проблемалар шешімін тапты. Мұның маңыздылығы сонда, ЕҚЫҰ өз жұмысы аясында алғаш рет өз қызметін ҰҚШҰ-мен және өзге де халықаралық құрылымдармен үйлестіре білді. Біздің өкілдеріміз Қырғызстандағы қайғылы оқиғалар барысында қырғыз халқына көмек көрсету үшін тұрақты түрде кездесулер өткізді, өздерінің сараптамалары бойынша ақпараттар алмасты, ең тиімді шараларды талқылады. Бұл өте маңызды әрі нәтижелі болды», - дейді Н.Бордюжа.
***
«Айқын» газетінде Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Рақымжан Елешовтан алынған сұхбат «Бұл Саммиттің біз үшін жөні бөлек» деген тақырыппен жарияланды. Ғалымның айтуынша, Алла бұйыртса, биылғы 1 желтоқсанда сәрсенбінің сәтті күні, ЕҚЫҰ-ның жетінші Саммиті Астанада өз жұмысын бастамақшы. «Қазақ үшін жеті саны да, аптаның сәрсенбісі де қасиетті болып есептелетінін бәріміз білеміз. Осы екі қасиетті белгінің бір күнге орайласып, елімізде 56 ел басшыларының басын тоқайластыратын үлкен алқалы жиын белгіленген уақытқа дөп келуінің өзі таңғалдырмай қоймайды. Бұл заңдылық па, әлде кездейсоқтық па? Әдетте, өмірде ештеңе де, ешнәрсе де кезейсоқ болмайды деседі. Соған қарағанда, бұл біздің елдің ғалам алдындағы үлкен миссияны абыроймен атқарып, осы саммитте мемлекет басшылары ұйым алдындағы міндеттемелерді жүзеге асырудың жаңа тетікерін бекітіп, осы уақытқа дейінгі сылбырлыққа салынып, жүзеге асырылмай келе жатқан белгіленген міндеттемелерге жан бітіріп, саяси ерік-жігерлерге қозғау салатын болар деген сенімдеміз», дейді Р.Елешов. Сұхбат «Айқын» газетінің13 қараша күнгі нөмірінлде басылған.