ЕҚЫҰ САММИТІ ҚАРСАҢЫНДА: «Қазақстанның саяси жеңісі»

ТАНА. Қазанның 25-і. ҚазАқпарат - Алдағы желтоқсанның 1-2-сі күндері елордада ЕҚЫҰ-ның саммиті өтеді. Саммит қарсаңында «ҚазАқпарат» ұлттық ақпарат агенттігі қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына және Астана Саммитіне арналған барынша қызықты әрі өзекті материалдарға шолуын ұсынады. Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығы барысында жарияланған басты ұстанымдары «Сенім, дәстүр, транспаренттік, толеранттық»

ЕҚЫҰ САММИТІ ҚАРСАҢЫНДА: «Қазақстанның саяси жеңісі»

қазанның 20-сында елордада өткенҚазақстан халқы Ассамблеясы XVI сессиясының негізгі тақырыбына айналды. Бұл жайында сессияның ертеңінде жарық көрген «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «На принципах согласия, толерантности и единства в многообразии» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған.

«Өткен 15 жылда орасан зор жұ­мыс жүргізілді. Біз күн өткен сайын адамдар ара­сындағы СЕНІМДІ нығайта бердік. Біз Отан тағдыры үшін ортақ жауапкершіліктің жаңа ДӘСТҮРІН қалыптастырдық. Біз этносаралық және конфес­сия­аралық қатынастарда АШЫҚ­ТЫҚТЫ қамтамасыз еттік. ТӨЗІМДІЛІК Қазақстанды табысты да сенімді дамытудың маңызды факторына айналды. Бұл қағидаттар біздің еліміздің ішкі де, сыртқы да саясатының рухын бейнелейді», - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сессияның ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде.

«Известия» газетінің қазанның 20-сы, сәрсенбі күнгі нөмірінде Потсдам саясаттанушысы Маттиас Дорнфельдттің «Қазақстанның саяси жеңісі» деп аталатын көлемді мақаласы жарияланды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы осы Ұйымның тарихындағы өте маңызды кезеңмен тұспа-тұс келгенін баса айтқан ол: «Қазақстан Республикасы - ЕҚЫҰ-ға төрағалық­ты қабылдап алған алғашқы посткеңестік мемлекет, сондықтан да мұның өзі елді артықша халықаралық назардың ортасына қоймастан шығарды. Ұйымға төрағалық етудің мүмкіндігі елдердің кең ауқымы үшін ресми мойындалғанына қарамастан, оны осы күнге дейін ЕО мен НАТО-ға қатысушы мемлекеттер ғана атқарып келеді. Сонымен қатар Түрік Республикасын есептемегенде, олар христиандық мемлекеттер еді. Сондықтан да Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үшін елінің ЕҚЫҰ төрағасы функциясын қабылдап алуы ортақ демократиялық құндылықтарды мойындайтын Батыс мемлекеттері қауымдастығымен белсенді ынтымақтастық жолындағы маңызды кезең болып табылады», - дейді.

«Дала мен қала» газетінің қазанның 18-індегі нөмірінде «Пікірлер тоғысы» айдарында бірқатар саясаткерлердің Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына қатысты пікірлері берілген. Италия Премьер-Министрі Сильвио Берлусконидің пайымдауынша, Астана Саммиті лаңкестік, трансұлттық жемқорлық, есірткі тасымалы, ұлтаралық және дінаралық негіздегі қантөгістер сияқты мәселелерді шешуге күш салуы қажет. «Өйткені, Қазақстан төрағалығы кезінде ЕҚЫҰ Қырғызстандағы қантөгісті тежеп, зор беделге ие болды. Бұл ретте Президент Назарбаевтың жедел шешім қабылдап, жүзеге асыруы өз нәтижесін бергендігін айта кеткен жөн. Сондай-ақ Қазақстан - Еуразия құрлығындағы көпірдей қызмет атқаратын аймаққа орналасқан мемлекет. Демек, тұтастай құрлықтағы барлық жағдайға Қазақстанның зор алаңдаушылық танытуы заңды. Ал Еуразия құрлығы - адамзаттың болашағына ерекше ықпал ететін субьект. Сондықтан да адамзат Астана Саммитінен жақсы нәтижелер күтуге құқылы», - дейде С. Берлускони.

Қырғыз Республикасының өтпелі кезеңдегі Президенті Роза Отынбаеваның пікірінше, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде ұйымның беделін көтеретін іс істеді. Әсіресе, Қырғызстандағы саяси текетірестің ауыр зардаптарының қантөгіске ұласпауы - ЕҚЫҰ төрағасы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей араласуымен қамтамасыз етілген бір жақсылық болды. «Сөйтіп Н. Назарбаев аймақтағы ғана емес, тұтастай халықаралық деңгейдегі көреген және беделді саясаткер екенін іс жүзінде дәлелдеп шықты. Әлемнің көптеген саясатшылары Астана Саммитін - Нұрсұлтан Назарбаевтың дүниежүзілік деңгейдегі зор беделінің нәтижесі деп бағалауда. Бұл - орынды пікір. Өйткені ЕҚЫҰ-ның соңғы Саммиті өткеннен бергі уақыт ішінде төраға болған мемлекеттердің басшыларының барлығы дерлік осындай жиын өткізуге қанша талпынса да оны жүзеге асыра алмап еді», - дейді Р. Отынбаева.

Ал Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың айтуынша, бұған дейін ЕҚЫҰ тындырған істердің ең игіліктісі - Берлин қабырғасын бұзу болса, биыл Ұйым төрағасы Қазақстанның тікелей араласуымен Қырғызстандағы қанды қақтығыстың ауыздықталуы - дәл сондай мәртебеге ие деген тұжырымдар жиі естілуде. «Меніңше, саясаттанушылардың бұл бағасы дәл сол кездегі Нұрсұлтан Назарбаевтың Дмитрий Медведевпен және Барак Обамамен тікелей телефон арқылы байланыста ортақ тоқтамға келіп, сол ұстанымды жүзеге асыруы - шын мәнінде ұйым беделін көтерген бір іс болып шықты. Астана Саммиті Қазақстан Президентінің осындай шешіміне және іскерлік қабілетіне сенгендердің келісімдері арқылы өмір ақиқатына айналмақшы. Ал Астана өз кезегінде ЕҚЫҰ тиімділігі мен ықпалдылығын арттыратын жаңа межелерді көрсетіп береді деп ойлаймын», - дейді С. Лавров.


«Дала мен қала» газетінің өткен аптадағы нөмірлерінің бірінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаевтан алынған сұхбат «Елiмiздiң төрағалық етуi - ЕҚЫҰ-ға жаңа серпiлiс бердi» деген тақырыппен жарияланды. Депутат бастапқыда ЕҚЫҰ-ның құрамына негізінен еуропалық мемлекеттердің және АҚШ пен Канаданың енгендігін айта келіп, соңғы кездері Азия мемлекет­терінің де Ұйымға қосылып жатқандығын тілге тиек еткен. Бұл үрдістің тегін еместігіне тоқталған ол: «Неге де­сеңіз, әлем назарындағы мәселеге тек еуропалық көзқараспен қара­са, бірбеткейлі болып кетеді. Ал Азия ел­де­рі­нің қосылғаны, оның көлемін ұлғай­тып, осы ұйымдағы қаралатын мәселелерді те­рең­де­тіп жатқаны ЕҚЫҰ-ның маңызын арттырып отыр. Сонымен бірге ұйымның беделін де өсіре түсті. Әрі Азия елдерінің проблема­ларын қарауда бір жақты ше­шім­ге келуден сақтайды», - дейді. Сондай-ақ Ж. Дүйсебаев Қазақ­стан бұған дейін де өзінің тың баста­мала­рымен, ұсы­ныстарымен ЕҚЫҰ-ға жаңа леп қосты деп есептейді.

«Биыл Елба­сы­мыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен мұндай ірі Саммит Астанада өткізілмекші. Негізі, 11 жылдан кейін ЕҚЫҰ Саммитін Аста­на­да ұйымдастыру Қазақстан диплома­тия­сының жеңісі деуге болады. Мұнда көтерілетін ең басты мәселелер қазіргі төрағалыққа бай­ла­нысты болып отыр. Беделі берік бұл Ұйым­ның о бастағы қызметі мен бағыт-бағдарының біріншісі - әскери қауіпсіздік пен қару-жа­раққа бақылау орнату, екіншісі - экономи­калық, ғылыми-техникалық және экологиялық ынтымақтастық, ал үшіншісі - гуманитарлық саладағы ынтымақтастық пен адам құқығы мә­селелері екені баршамызға мәлім. Осы айтыл­ған жәйттер бойынша атқарылған істерге Сам­митте оң баға беріледі деп сенемін», - деп жазады Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Әбдіманап Бектұрғанов «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Ел беделін бекемдейтін ерен жиын» деген тақырыппен жарық көрген мақаласында. Автор сонымен қатар өз мақаласында мемлекет, қоғам қайраткері санатында жаңашылдығымен, күрескерлігімен, рефор­ма­тор­лығымен ерекшеленетін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде елі­міздің экономикалық, әлеуметтік, саяси-құ­қық­­тық дамуын жаңа деңгейге көтергендігін баса айтқан.

«Айқын» газетінің жазуынша, ЕҚЫҰ тізгінін қолына алған Қазақстанның Астана Саммиті осы ұйымға мүше мемлекеттердің әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және адами өлшемдерге қатысты қолда бар құралдары мен тетіктерінің тиімділігін арттыратын негіз қаламақшы. Дегенмен Қазақ елі қазірдің өзінде осы үш тағанды дамытуға зор үлес қосып та үлгерді. Қазақстан төрағалықтың тізгінін қолға алған күннен бастап, әскери дағдарысты болдырмау және реттеу үшін ЕҚЫҰ-ның әлеуетін күшейтуге бар күш-жігерін жұмсады. Сондай біздің еліміздің төрағалығы тұсында ЕҚЫҰ-ның әскери-саяси өлшеміне ерекше серпін берген басты элементтің бірі - БҰҰ, ЕуроОдақ, НАТО, ТМД, ҰҚШҰ, АӨСШК сияқты әлемдегі аса беделді ұйымдармен қоян-қолтық қарым-қатынас жолға қойылды. Төрағалығымыздың жартыжылдық мерзімінде гуманитарлық өлшем бойынша да қыруар жұмыстар атқарылды. Соның дәлелі, қазірдің өзінде ЕҚЫҰ-ның мүшелері мен серіктестері Қазақ елінің жұмысын табысты деп бағалауда. Мақала басылымның қазанның 19-ындағы нөмірінде «Төрағалығымыздың табысы: жартыжылдықтағы жетістіктер» деген тақырыппен жарық көрді.

Қазанның 19-ында немістің «Frankfurter Allgemeine» газетінде жарық көрген мақалада Ресей мен Еуроодақ ынтымақтастығының даму болашағы қарастырылған. Сонымен қатар мақалада ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті маңызды мәселелерді талқылайтын алаң бола алатыны айрықша атап өтілген. «Меркель мен Саркози НАТО-ға ұқсас ұйымның құрылуына жол бермейді. Олар Медведевке қауіпсіздік жөніндегі жаңа келісімшарт жасасу асыра сілтеушілік екендігін түсіндіруге құлықты. Желтоқсанда Қазақстанда ЕҚЫҰ Саммиті, ал одан бірнеше күннен кейін «ЕО-Ресей» Саммиті өтеді. Сол жерде барлық қауіпсіздік проблемаларын кеңінен талқылауға болады», - делінген мақалада.