ЕҚЫҰ саммиті күндері Қазақстанның солтүстігінде күн аязды болады - ауа райы болжамы
АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат - Астанада ЕҚЫҰ саммиті өтетін 1-2 желтоқсан күндері Қазақстанның солтүстігінде күн аязды болады, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына сілтеме жасай отырып.
«Ауа райы болжамына сәйкес, 27 қараша мен 3 желтоқсан аралығында, осы кезеңнің екінші жартысында Қазақстан аумағында ауаның температурасы төмендеп, жауын-шашын болады, бұл топырақтың дымқыл қор жинауына жақсы жағдай туғызады», - делінген бүгін таратылған ақпаратта.
Республиканың солтүстік бөлігінде осы кезеңде жауын-шашын болып, сонымен қатар кейбір жерлерде жел күшейіп, оның екпіні секундына 20 метр жылдамдыққа жетеді, тұман түсіп, көктайғақ болады деп болжануда. Түнде ауаның температурасы 15-20°С дейін төмендеп, кейбір жерлерде 22-25 °С аяз болады.
Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде осы апта бойы жауын-шашын, кейбір жерлерде жаңбырдың соңы қарға айналады, аптаның бірінші жартысында таңғы және кешкі уақытта тұман түседі. Аптаның екінші жартысында жел күшейіп, ауаның температурасы төмендейді деген болжам бар.