ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық жұмыстары аясында өрт сөндірудің тактикалық оқу-жаттығу шаралары өтті
АСТАНА. Қазанның 28-і. ҚазАқпарат - ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық жұмыстары аясында Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және апаттан құтқару қызметі «Астана-Энергия» - ЖЭО-2 нысанында өрт сөндірудің тактикалық оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізді.
Шартты түрде ұйымдастырылған апатты жағдай бойынша нысандағы май желісінде күшті қысымның әсерінен №1 нысанда өрт пайда болады. Ғимараттың жалпы көлемі 5 мың 538 шарша метр. Онда
6 пеш бар. Оның 4-уі жұмыс істеп тұр. Ал 2-уі резервте тұрған құрылғылар. Құтқарушылар өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің қызмет көрсетуші азаматтармен бірлесіп, өртті сөндіру мен адамдарды қауіпсіз аймаққа көшірудегі бірлескен қимылдарды пысықтады. Оқу-жаттығу жұмыстарына жеке құрамнан 40 адам мен жедел штаб пен гарнизонның сардарлар құрамы қатысты. Сондай-ақ шараға 10 ПЧ-1, ПЧ-6, ПЧ-8 техникалары жұмылдырылды. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаттығу жұмыстары сәтті өтті.