ЕҚЫҰ Саммитінің қонақтарына арналған журнал жарық көрді
АСТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат /Дамир Байманов/ - ҚР Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпараттар комитеті ЕҚЫҰ саммитінің қонақтарына арналған «Edge» жолбасшы-журналын шығарды,
деп хабарлады сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметінен.
Ведомствоның ақпараты бойынша, осындай басылымға деген сұраныстың туындауына байланысты Астана бойынша жолбасшы журнал шығару туралы шешім қабылданған. «Астана шетелдік қонақтарға мейрамханалардан бастап дүкендерге және түнгі клубтарға дейін, көп нәрсе ұсына алады, бірақ бұған дейін бізде шетелдік қонақтарға арналған және оларға егжей-тегжейлі мәлімет бере алатын мұндай басылым шығарылған жоқ еді», - дейді комитет төрағасы Роман Василенко.
98 беттен тұратын журналда елордамыздағы мәдени және ойын-сауық мекемелерге жасалған шолулар, Астана туралы мақалалар жарияланып отыр. Басқаша сөзбен айтқанда, басылымда мейрамханалар, түнгі клубтар, сауда орталықтары, қала қонақтарының назарын аударуға тұрарлық басқа да көрнекті орындар туралы материалдар берілген. Басылым ағылшын тілінде жарық көрді.