ЕҚЫҰ сарапшысы ҚР Президенті сайлауына әйел кандидаттың қатысуына оң баға берді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының өкілі Маргарета Киенер Неллен Қазақстандағы кезектен тыс Президент сайлауына тұңғыш рет әйелдің қатысуын оң тәжірибеге теңеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз Қазақстан Президент сайлауына үлкен қызығушылықпен бақылау жүргіздік. Мен бұл ретте тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет әйелдің сайлауға түсіп, ішкі бәсекелестік кезінде өзінің ерлер қатарындағы біршама әріптестерін басып озды. Осы сайлаудың ерекшелігі де осы дер едім. Қазақстанда алдағы уақытта барлық деңгейдегі саясатқа әйелдердің интеграциясы арта түсер деген үміттемін. Қазақстан Республикасының Парламентінде ғана емес, ЕҚЫҰ-ға мүше аймақтағы басқа да елдерде осы тенденция арта түсер деп сенім білдіргім келеді. Сайлауға дайындық барысы жақсы жүргізілгені байқалады», - деді Маргарета Киенер Неллен елордада өткен брифинг барысында.
Еске сала кетсек, бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы 2019 жылдың 9 маусымында өткен кезектен тыс президенттік сайлауда кандидаттарға сайлаушылардың қанша дауыс бергендігін жария еткен болатын.
«Қазақстан Республикасы бойынша Жамбыл Ахметбеков 167 249 дауыс немесе сайлаушылардың 1,83 процент дауысын, Дания Еспаева 478 153 дауыс немесе сайлаушылардың 5,2 процент дауысын, Әміржан Қосанов 1 472 733 дауыс немесе сайлаушылардың 16,02 процент дауысын, Төлеутай Рахымбеков 294 271 дауыс немесе 3,2 процент дауысын, Амангелді Таспихов 190 304 дауыс немесе сайлаушылардың 2,07 процент дауысын, Қасым-Жомарт Тоқаев 6 504 054 немесе сайлаушылардың 70,76 процент дауысын, Сәді-Бек Түгел 84 348 дауыс немесе сайлаушылардың 0,92 процент дауысын жинады», - деді ҚР ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров.