ЕҚЫҰ төрағалығы кезінде Қазақстан мәселелерді жан-жақты қарастыруға мүдделі - Еуропалық ақпараттық орталықтың директоры
ЛМАТЫ. Наурыздың 15-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету кезінде алдына қойған мақсаттарына жетуге тиіс.
Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан «ҚР Президентінің халыққа жолдауы аясындағы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы» деп аталатын дөңгелек үстел жиынында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге ерте бастан қам жасап, Еуразиялық қауіпсіздік мәселелерін қарастыру жолында өз ұсыныстарын жасады. Соңғы кезде барлық күшті гуманитарлық бағытқа аударып жатқан ЕҚЫҰ-ның негізгі бағыттарын өзгертуге және экономикалық, экологиялық мәселелерді көтеруде көп жұмыс жасап жатыр. Оның ішінде транзиттік, энергетикалық мәселелерге ерекше мән беруде. Әрине, төраға барлық мәселені шешпейді. Бірақ мәселелерді күн тәртібіні қойып, оларды жан-жақты қарастыруға жағдай жасау да оңай шаруа емес», дейді Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің Еуропалық ақпараттық орталығының директоры Құралай Байзақова. Оның айтуынша, ЕҚЫҰ төрағалық ету кезінде Қазақстан халықаралық қатынастарды тереңдетуде жаңа мүмкіндіктерге ие болып отыр. Сын-пікірлерге қарамастан ЕҚЫҰ маңызын әлі жойған жоқ және потенциалы өте зор. Қазақстан ұйымның Еуропалық қана емес, Еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздікті сақтаудағы рөлін көтеру үшін реформалар жасау жөніндегі өз ұстанымын төрағалық кезінде дәлделдеуге тиіс.