ЕҚЫҰ жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың ашықтығы бойынша Қазақстан бастамасын үлгі ретінде пайдалануына болады - Х. Клинтон
АСТАНА. 30 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ЕҚЫҰ жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың ашықтығы бойынша Қазақстан бастамасын үлгі ретінде пайдалануына болады.
Бүгін Астана Саммитіне қатысу үшін елімізде ресми сапармен келген АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон елордадағы Еуразия ұлттық университетінде студенттермен, жергілікті және халықаралық үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесуі барысында осындай пікір білдірді.
«Пайдалы қазбалар өндіретін компаниялардың ашықтығы туралы бастама - бұл шын мәнінде маңызды бастама. Мол пайдалы қазбаларға ие кез келген мемлекет үшін негізгі үш мәселе туралы айтуға болады. Бұлар: коммерциялық һәм жеке сектор, бұқаралық сектор және азаматтық қоғам. Бұл үшеуін орындықтың үш аяғымен салыстыруға болады. Егер оның бірі осал болса - қауіпті. Сондықтан да, бұндай бастаманың маңызы зор», деді Х. Клинтон.
«Мен Қазақстанның қабылдаған бастамасын жоғары бағалаймын. Бұл ретте ЕҚЫҰ-ның бұл бастаманы үлгі ретінде қарастыруына болады деп есептеймін. Жалпы, ЕҚЫҰ-ның адами факторы маңызды әрі ұйым аясында ол қолдау табуы тиіс», деді Х. Клинтон.