Экзотикалық және қауіпті жануарларды есепке қою қажет пе

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде экзотикалық және қауіпті жануарларды үй жағдайында ұстауға тыйым салынған. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Ким айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Экзотикалық және қауіпті жануарларды есепке қою қажет пе

«Қауіпті жануарларға тыйым салынған. Үй жағдайында ұстауға тыйым салынған жануарлардың тізімі бар. Соған орай олар тіркеуге жатпайды. Жалпы, оларды үйде мүлдем ұстауға болмайды. Қалған жануарлар, мәселен тасбақа мен аламанды тіркеу міндетті емес. Азаматтардың өз қалауы бойынша жүзеге асырылады. Негізгі екі жануар бар. Олар – ит пен мысық. Оларды міндетті түрде есепке қою керек», - деді комитет төрағасының орынбасары елордада өткен брифингте.

Айта кетейік, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңына сәйкес, биыл 1 қыркүйектен бастап мысықтар мен иттерге чип тағу және оларды арнайы есепке қою міндетті болады.

Қазақстандықтар үшін электронды жүйеге жануарлары туралы ақпаратты енгізу – тегін. Дегенмен, чип тағу үшін мысық пен ит иелері өз қалтасынан ақша төлеуі тиіс. Оны өтеуге мүмкіндігі жоқ әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қызмет түрі тегін болмақ.