Ел абыройының айқын көрінісі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен 4-5 қыркүйек күндері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың Ханчжоу қаласында ұйымдастырылған G20-ның «Үлкен жиырмалық» 11-ші саммитіне қатысты. Келелі кеңестің алғашқы күні сөз алған Қазақстан Президентінің әлемдік ауқымдағы орамды ойлары мен ұтымды ұсыныстары ешкімді бейжай қалдырған жоқ, деп жазады «Егемен Қазақстан».

Ел абыройының айқын көрінісі

Ілгері ниет,  өрелі ой

Жаһандық экономиканың орнық­ты және теңгерімді өсімін ынталан­дыру, ха­лықаралық қаржы саласын же­ті­лдіру, оның реформаларын алға жыл­жыту, инклюзивті қаржы­ларды да­мыту мәселелері жан-жақты тал­қы­ланған, «Инновациялық, кінәрат­сыз, өзара байланысты және инклю­зив­ті әлемдік экономика құру» тақы­рыбымен өткен осынау мәрте­белі жиында Мемлекет басшысы әлем­ді толғандырып отырған өзекті мәсе­лелерге айырықша назар аударды.

Тарқата айтар болсақ, саммиттің «Саяси үйлесімділікті нығайту жә­не дамудың жаңа жолына бет бұру» та­қырыбындағы алғашқы сес­сия­сының ашылуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірінші кезекте айтулы басқосудың үмітке толы күрделі кезеңде өтіп отырғанына тоқталды.

- Әлемдік экономиканың, сау­да мен капитал қозғалысының өсу қарқыны баяулап келеді. Ол миллиондаған адамның әл-ауқа­тына әсер етеді. Дүниежүзілік сау­да ұйымының рөлі төмендеуіне және әлемдік экономиканың фраг­менттелуіне алып келетін транс­құры­лықтық жаңа сауда-инвестиция бірлестіктері құрылуда. Бұл үдеріс­тер жаһандық экономикадағы ықпал аймағы үшін күрестің жаңа кезеңінің басы болуы мүмкін, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жаһандық дамудың бұдан арғы жолы негі­зінен бүкіл дүниежүзілік қоға­м­дастықтың іс-қимылының жүйе­лілігіне байланысты екеніне екпін берді.

Осыған байланысты, Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы және қар­жыны халықаралық тұрғыдан реттеу­дегі басты рөлді біртұтас жаһандық ұйым­ның атқаруы тиіс деген пікір білдірді.

- Ондай құрылымды Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесіне айналдыру арқылы қалып­тастыруға болады. Оған Жаһан­дық экономикалық реттеуші функ­циялар жүктелуі керек, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының айтуына қарағанда, қазіргі уақытта моне­тар­лық, фискалдық саясатты үйлес­тіру және құрылымдық реформалар жүргізу маңызды, алайда ұзақ мер­зімді тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бұл да жеткіліксіз.

- Дамушы елдерді қоса алғанда, бүкіл әлемде айырбас бағамын тұрақтандыруға қатысты неғұрлым тиімді ұсыныстар әзірлеу қажет, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Елбасы жаһанның эко­но­микалық және қаржылық ынты­мақтастық мәселелерін сараптауға арналған бұл форумда әлемдік экономиканы жан­дандыруға бағытталған шара ретінде жаңа индустриялық революцияға, сандық экономика мен инновацияға сенім артуды ұсынды.

- Мен бұл ұстанымды толық қолдаймын. Ол міндетті тек қана инклюзивтілік қағидалары арқылы іске асыра аламыз. G20 мен дамушы мемлекеттер арасындағы диалог орталығын анықтап алу керек. Мәсе­лен, Қазақстанда құрылған және барлық қатысушылар үшін ашық G-Global ақпараттық-коммуни­ка­тивтік алаңын бір нұсқа ретінде қарас­тыруды ұсы­намын. Ол 140 мемле­кеттің 30 мыңнан астам маманының басын қосып отыр, - деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның орнықты даму мақ­саттары мен Париж келісімінің және «жасыл экономика» қа­ғи­да­ларының іске асуына Қазақ­станның белсенді қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.

- Астанада 2017 жылы «Бо­лашақтың энергиясы» тақырыбымен өткізілетін ЭКСПО халықаралық көрмесі осыған қызмет ететін болады. Со­ны­мен қатар, біз «Аста­на» халықаралық қаржы орталы­ғын құрып жатырмыз. Барлық мемлекеттерді Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне қаты­суға ша­­қырамын. Онда БҰҰ-ның қол­дауы­мен тиісті іс-шаралар өткі­зуге болар еді, - деді Қазақстан Прези­денті.

Сөзінің соңында Мемлекет басшысы Қазақстанның осы замандағы мейлінше өзекті проблемаларды шешу жолдарына қатысты ойларын «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі арқылы жеткізгенін, сондай-ақ манифест идея­ларын іске асыру мен ядролық және жап­­пай қырып-жоюға арналған өзге де қа­ру түрлерінен азат әлем қалып­тас­­тыру бастамасы ұйым тарапынан қол­­дау табады деп үміттенетінін айтты.

- Терроризмді толық жеңу үшін G20-ның барлық мүшелері мен басқа да мүдделі елдердің бірлесе күш жұмылдыруы жақсы бастама болар еді. Бүкіл әлем қоғамдастығы осыны күтеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Қазақстан Пре­зи­денті G20 саммиті аясында жиын­ға қа­тысушы мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесіп, өзекті мәселелер төңірегінде ой бөлісті.

Кең өрісті келелі кеңес

Нұрсұлтан Назарбаев G20 саммиті сәтінде АҚШ Президенті Барак Оба­ма­мен кездесіп, тараптар бірқатар маң­ызды салалардағы екіжақты өзара іс-қи­мылдың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. Сон­дай-ақ, екі елдің көшбасшылары ха­­лық­­аралық күн тәртібіндегі өзекті мә­се­­лелер төңірегінде де пікір алмас­ты.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ басшысы Барак Оба­ма­ның президенттігі кезінде екі ел ара­сындағы ынтымақтастық көптеген ба­ғыттар бойынша, соның ішінде ядро­лық қаруды таратпау және қарусыз­дану саласында жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.

Ал Барак Обама Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штат­тары үшін жақын дос және сенім­ді серіктес екенін айтып, өзінің прези­дент­тік мерзімі аяқталғаннан кейін де өза­ра тығыз іс-қимыл жасауға әзір екенін жеткізді.

Кездесу соңында Қазақстан Пре­зи­денті АҚШ басшысы Б.Обаманы елі­мізге сапармен келуге шақырды.

G20 саммиті шеңберінде Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунмен жүз­де­сіп, тараптар Қазақстан мен БҰҰ арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады әрі екіжақты байланыстарды одан әрі дамыту перспективаларын қарастырды. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев пен Пан Ги Мун халық­аралық күн тәртібіндегі түйткілді мәсе­лелерді сөз етті. Сондай-ақ, Прези­дент еліміз бен БҰҰ арасындағы ынты­мақ­тастықтың табысты екенін айтып, ұйым­ның жаһандық бастамалары мен жобаларын Қазақстанның қолдай­тынын жеткізді. Ал БҰҰ Бас хатшысы тиімді серіктестіктің одан әрі нығайып, дами беретініне сенім білдірді.

Мемлекет басшысының G20 сам­миті аясындағы тағы бір кездесуі Еу­ро­палық комиссияның Төрағасы Жан-Клод Юнкермен болды. Жүздесу барысында Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы саяси және сауда-экономикалық байланысты нығайту перспективалары сөз етілді. Тараптар екіжақтың кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің маңыздылығын атап өтіп, қарым-қатынастың одан әрі қарқынды дами беретініне сенім артты.

Ал Мемлекет басшысының Ұлы­бри­тания Премьер-министрі Тереза Мэй­мен өткізген кездесуінде елдер арасындағы екіжақты өзара қа­рым-қатынас мәселелері, сондай-ақ, ха­лықаралық күн тәртібіндегі өзек­ті жағдаяттар қарастырылды. Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы­британияға Дэвид Кэмерон Премьер-министр болған кезінде өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың жо­ғары деңгейіне қол жеткізілгенін айта келіп, Т.Мэйді Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Елбасының Канада Премьер-ми­нистрі Джастин Трюдомен кездесу сәтінде мемлекеттер арасындағы ынты­мақ­тастықтың сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалар тәрізді басты бағыттарына қатысты пікір алмасылды. Бұдан басқа, тараптар түрлі салаларда, соның ішінде ауыл шаруашылығы бағытында екіжақты өзара іс-қимылды нығайту үшін зор әлеует бар екенін сөз етті. Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Канада Премьер-министрін Астанаға сапармен келуге шақырды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Режеп Тайып Ер­до­ғанның жүздесуі барысында екі­жақты ынтымақтастықтың кең ау­қымды мәселелері сөз болды. Сондай-ақ, өңірлік және халықаралық күн тәр­ті­біндегі бірқатар өзекті жағдаяттар, со­ның ішінде Таяу Шығыс пен Орта­лық Азиядағы мәселелер айтылды. Өз кезе­гінде Мемлекет басшысы жаһан­дық терроризммен және экстремизм­мен кү­ресте халықаралық қоғам­дас­­тық­тың күшін жұмылдырып, іс-қимылды нақты үйлестіру қажеттігін жеткізді.

Мемлекет басшысының Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэмен өткізген кездесуінде сауда-эконо­ми­калық, саяси және мәдени-гумани­тар­лық салалардағы байланыстарды нығайту перспективалары мен өзара іс-қимылдың басты бағыттары талқы­ланды. Сондай-ақ, әңгіме барысында халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер жөнінде пікір алмасты. Басқосу соңында Синдзо Абэ еліміздің ядролық қарусыздану ісіндегі маңызды еңбегін ескере отырып, Нұрсұлтан Назарбаевты алдағы сапары барысында Нагасакиге келуге шақырды.

Бұлардан бөлек, Қазақстан Пре­зиденті G20 саммитіне қатысу барысында бірқатар мемлекет және делегация басшыларымен қысқа келіссөздер жүргізді. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті В.Путинмен, Франция Президенті Ф.Олландпен, Германияның Федеральды канцлері А.Меркельмен, Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хемен, Оңтүстік Африка Рес­публикасының Президенті Д.Зу­ма­мен, Мысыр Президенті А.Сисимен, Сенегал Президенті М.Саллмен, сон­дай-ақ, Аргентина Президенті М.Макримен жүздесті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Испанияның Премьер-министрі М.Рахоймен, Ита­лияның Премьер-министрі М.Рен­цимен және Үндістанның Премьер-министрі Н.Модимен екіжақты ынты­мақтастықтың түрлі мәселелері бойынша әңгімелесті.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті халықаралық ұйымдардың басшылары - Еуропалық кеңестің төрағасы Д.Тускпен, Халықаралық валюта қоры­ның басқарушы директоры К.Лагард­пен, Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің төрағасы М.Карнимен және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының басшысы А.Гурриамен өзара іс-қимылдың кейбір жайттарын талқылады.

Бұл күні, яғни 4 қыркүйекте Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қытайлық әлемдік деңгейдегі «Alibaba Group» интернет-компаниясының құрылтайшысы, директорлар кеңесінің төрағасы Джек Маны қабылдады.

- Біз сізбен Астанада кездескен болатынбыз, бүгін, міне, осы жерде жолығып отырмыз. Сол жолы «Са­мұрық-Қазына» өкілдері сіздермен өзара ынтымақтастық жайын, сондай-ақ, «Alibaba Group» компаниясының Орталық Азия, Ресей, Шығыс Еуропа елдеріндегі жұмыстарын өркендету үшін Қазақстанда оның филиалын құру мүмкіндігін талқылаған, - деді кездесуде Елбасы.

Сонымен қатар, компаниямен ынты­мақтастықты дамыту және оның Қа­зақстандағы қызметі аясын кеңейту перспективалары, соның ішінде электронды коммерция мен төлем жүйелерін интеграциялау сала­сындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланған бұл кез­десуде Мемлекет басшысы Қазақ­стан Қытайдағы электронды сауда са­ласының үздігі болып саналатын және сол бағытта зор жетістікке жет­кен «Ali­baba Group» қызметінің тәжіри­бесін зерттеуге мүдделі екенін атап өтті.

- Мен сіздің компаниямен серік­тестікті қолдаймын. Біздің ұлттық компаниямыз - «Қазпоштаның» «Alibaba Group» компаниясымен өзара тиімді іс-қимыл жасауға барлық мүмкіндігі бар. Жалпы, сіздердің компанияларыңыз тәрізді кәсіпорындар әлемдік экономиканың орнықты дамуы мен тұрақтылықтың факторы болып саналады. Әлемді саяси фрагментация­лау, шекараларды жабу және өзара санкция салу белең алған қазіргідей жағдайда сіздер бұл кедергілерді табысты еңсеріп, халықаралық сауданың дамуына ықпал етіп отырсыздар, - деді Қазақстан Президенті.

Штаб-пәтері Ханчжоу қаласында орналасқан ірі құрылым - «Alibaba Group» интернет-компаниясының негізін қалаушы әрі директорлар кеңесінің төрағасы Джек Ма Қазақстанда компанияның бастамаларына қолдау көрсетіліп отырғаны үшін алғысын жеткізіп, алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарлары туралы айтып берді. Сондай-ақ, «Alibaba Group» басшысы елімізбен серіктестік қарым-қатынастың одан әрі дами беретініне сенім білдірді.

Сондай-ақ, Джек Ма Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа өзінің ыстық ықыласын жеткізді.

- Бізге уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет! Біздің буын түгелдей Сізді үлгі тұтады. Қазақстан Сіздің мық­ты көш­бас­шы­лығыңыз бен басшылы­ғың­ыз­дың арқасында үлкен жетістіктерге же­туде. Сізді құрмет тұтамын, - деді ол.

Мемлекет басшысымен өткен кездесуден кейін Джек Ма тілшілерге сұхбат берді.

- Қазақстан Президентінің G20 саммиті аясындағы тығыз кестесіне қарамастан, бізбен кездесу үшін уа­қыт бөлгеніне таң-тамаша болдым. Меніңше, бұл Қазақстанның шағын және орта бизнесі, жастары және толықтай алғанда сіздердің ел­деріңіздің экономикасы үшін қы­зықты әрі маңызды болмақ. Біз логис­тика саласындағы, сонымен бірге, шағын және орта бизнес, жастар үшін қаржылық жағдайды жетілдіру бойынша ынтымақтастық әлеуетін талқыладық», - деді ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуінен кейін. Одан әрі ол: «Сіздердің Президенттеріңіз өз елін алға қарай ілгерілетіп, мемлекетті жаң­ғыртумен қатар жақсы өмірге жетелеп келе жатқан аса көрнекті көш­басшы. Қазақстандағы конференцияға қа­тысқан кезімде жаңа елорда - Астананы салуға небәрі 17 жыл уақыт кеткенін ес­тігенде зор таңданыста болдым. Ол сұлу да заманауи қала. Мен тіпті, әлемнің қандай да бір бөлігінде небәрі 17 жылдың ішінде осындай қала салуға болады дегенді көз алдыма елестете де алмас едім. «Alibaba» компаниясының құрылғанына да осы уақытқа дейін 17 жыл өтті. Менің ойымша, компания құру оңай іс емес. Бірақ мұндай қала салып, елді гүлдендіру одан да қиын екендігі сөзсіз. Мен Қазақстан басшысының ыждаһатты жұмысына таңғалдым», - деді Джек Ма.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақ­стан­мен арадағы әріптестікте ІЖӨ тұр­ғысынан әлем бойынша 20-шы орында тұрған «Alibaba Group» компания­сы үшін басымдық беріліп отырған екі сала - логистика мен интернет-қаржыландыру.

Ал саммиттің екінші күні, яғни 5 қыркүйекте Мемлекет басшысы Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасының орынбасары Мұхаммед бен Салманмен кездесті. Жүздесуде Қазақстан мен Сауд Арабиясы серіктестігінің бірқатар негізгі бағыттары бойынша өзара іс-қимыл мәселелері қарастырылды әрі тараптар түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін зор әлеует бар екенін атап өтіп, мемлекетаралық байланыстарды жандандыруға уағдаласты. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев пен Мұхаммед бен Салман қазіргі таңда күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер жөнінде сөйлесті.

Табысты сапар - ел игілігі

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасына жасаған сапарының қорытындысына арналған брифинг өткізді. Брифингте Елбасы G20 саммитіне өзінің екінші рет қатысып отырғанын және биыл ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен келгенін айтты.

- Жер шары тұрғындарының 70 пайызын және әлемдік экономиканың жартысын құрайтын мемлекеттердің басшылары бас қосатын осындай ірі іс-шараға қатысу - Қазақстан үшін зор мәртебе. Мұнда жаһандық экономика мен саясаттың салмақты мәселелері талқыланады, ірі өңірлік және әлемдік мәселелер, соның ішінде қауіпсіздікке қатысты мәселелер бойынша ортақ ұстанымдар әзірленеді. Бірінші сессия­да сөз сөйлеген кезде мен осы барлық мәселелер жөніндегі Қазақстанның көзқарасын ұсындым. Саммиттегі пікірсайыс барысында ғаламның тынысын сезініп, әлемнің дамыған және дамушы елдерін алаңдатқан проблемаларын ұғынасың. Қазақстанға да осында көтерілген мәселелерді ескеріп, онымен алдын ала шұғылдануы керек, - деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назар­баев қазіргі күрделі кезеңде Қазақ­стан­ның индустрияландыру және инвес­тициялар тарту бағытында уақты­лы күш-жігер жұмсағанын айтып, оның қайтарымды болатынына сенім білдірді.

- Қазір жұмыссыздықтың төменгі деңгейін сақтап, жаңа жұ­мыс орындарын ашуды ойластыру қажет, дағдарыспен күрестен эконо­ми­калық өсімге қадам басу керек. Біз 9 қыр­күйекте өтетін Үкіметтің кеңей­тілген отырысында осы туралы айтатын боламыз, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті саммитпен қатар ҚХР-ға жұмыс сапары болып өткенін еске салды. Осыған байланыс­ты Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміз көтерген екіжақты қарым-қатынастың барлық мәселесіне Қытай тарапы қызығушылық пен мүдделілік танытып отырғанын жеткізді.

- Біз бұған дейінгі уағдаластықтың барлық мәселесі бойынша, мәселен, Қазақстан аумағында бірлескен
заманауи кәсіпорын салуға қатысты келісімге келдік. Бұл тізімге 51 нысан кіреді, бүгінде оның екеуі салынды, жалпы құны 2,5 млрд доллар болатын төрт нысанның құрылысы биыл аяқталады. Бес жылдың ішінде жалпы құны 26 млрд доллар болатын 5 кәсіп­орын салу жоспарлануда. Бұдан бөлек, осы жұмысты қолдау үшін компаниялар арасында да, мемлекеттер арасында да бірлескен Қазақстан-Қытай қоры жұмыс істейді. Жібек жолын дамыту қорын да мысалға келтіруге болады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік-коммуникация байланысы екі­жақты күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі болып қала беретінін айтты.

- Жыл сайын Қазақстан мен Қытай аумағынан өтетін жүк транзиті көлемінің артып келе жатқаны бай­қалуда. Ақтау портын пайдалану айтарлықтай жанданды, осыған дейін олай болмаған еді. Бұл жағдай Қорғас құрғақ портының, ұзындығы 300 шақырымға жететін Қорғас-Алматы теміржолының және Батыс Еуропа - Батыс Қытай торабының құрылысына байланысты болып отыр. Логистикалық орталықтар құрылды. Бұл көлік тораптары өсім нүктесі болып саналады. Сондай-ақ, біз энергетика және технология сала­лар­ындағы ынтымақтастық туралы уағ­даластық, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев аса ірі кен орны - Қашағанның іске қосылуына байланысты Қазақстан мұнайын жет­кізу мүмкіндігі артатынын атап өтті.

- Қазіргі уақытта біз ҚХР-ға 7 млн тоннаға жуық мұнай жеткіземіз, бұл көрсеткішті 20 млн тоннаға дейін арт­тыруға, сондай-ақ, Қазақстаннан Қы­тайға газ жеткізу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Осының бәрі елдеріміз арасындағы тауар айналымын жаңа деңгейге көтереді, - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қазақстан Прези­денті Қазақстан мен Қытайдың ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимылына егжей-тегжейлі тоқталды.

- Алғаш рет Қытайға азық-түлік бидайын, басқа да дәнді дақылдарды, асбұршақтар мен майлы дақылдар түрлерін, сондай-ақ, ет пен құс жеткізу туралы келісімге келдік. Бұған дейін бізде мұндай болмаған еді. Осылайша, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріміз үшін жол ашылып отыр. Меніңше, бұл - қуанышты жағдай. Сонымен бірге, Қытай тарапының тауар мен фитосанитарлық сапа жөнінде қатаң талаптары бар. Біздің шаруалар соған дайын болуға тиіс, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы қол жеткен уағдаластықтардың нақтылануына назар аударып, екі ел үкіметтерінің оны іске асыру үшін тиісті жұмыс жүргізу керек екенін атап өтті.

- Жақын арада Мемлекеттік Кеңес­тің төрағасы Ли Кэцян Қазақстанға сапармен келеді деп жоспарлануда. Келіссөздер барысында елдеріміз бір­лесе шешетін мәселелерді қосымша талқылайтын боламыз, - деді Қазақстан Президенті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев саммит аясында басқа да мемлекеттер мен делегациялар басшыларымен екіжақты жемісті кездесулер өтіп, оның барысында өзара мүдделілік қалыптасқан түрлі мәселелер жөнінде мазмұнды пікір алмасулар болғанын айтты.

Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында мәдени нысандарды аралады. Елбасы Ханчжоу қаласының бірқатар мәдени нысандарына барды. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев Сиху көлінің жағасында орналасқан Лэйфэнт будда ғибадатханасы мен Чжэ­цзян провинциясының мұражайын көрді.

Ханчжоудағы Лэйфэнт будда ғибадатханасы 977 жылы салынған, ал 1924 жылы ол толықтай қираған. Қазір ол қалпына келтіріліп, турис­тер үшін қайта ашылды. Лэйфэнт будда ғибадатханасы көне аңызда сипатталған жəне ертедегі романтикамен көмкерілген Сиху көлінің маңайындағы он көрікті орынның бірі.

Ханчжоу қаласының мұражайы Чжэцзян сәулет университетінің әйгілі профессоры Чжан Юйфэньнің жобасы бойынша салынған. Ол археологиялық жәдігерліктер мен мəдени құндылықтарды сақтайтын үлкен орталықтың бірі болып саналады. Экспозиция алаңы 10 залды қамтып жатыр, оның жалпы ауданы 13 000 шаршы метрден асады. Статистика бойынша, жыл сайын мұражайға 2 млн-нан астам адам келеді.

Осылайша, Мемлекет басшы­сының ҚХР-ға жасаған жұмыс сапары табыс­ты аяқталды. Бұл сапар Қазақстанның абыройын арттырып, өрісін кеңейте түсті деп айтуға толық негіз бар.

null null null null  

Жолдыбай БАЗАР