Ел ардагерлері елордада жиналды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін елордада «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің III пленумы өтті.

Іс-шараға «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.
Пленумда екі мәселе қаралды:
— 14 наурызда Бурабайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ұлттық құрылтайдың ІV отырысында Президент жүктеген тапсырмалар бойынша ұйым алдындағы міндеттер;
— Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестіктің іс-шаралар жоспарының орындалу барысы.

— Бүгін ел дамуы жолында еселі еңбек етіп, халқымыздың қазынасына айналған өздеріңіздей ардақты ақсақалдар қауымымен жүздесіп, пікір алмасып отырғаныма қуаныштымын. Бүгінгі пленум — Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында жүктеген маңызды тапсырмаларын жүйелі іске асыру жолында ортақ міндеттерді нақтылап, бірлескен жұмыстарды үйлестіруге бағытталған аса маңызды басқосу, — деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева пленумда.

Осы орайда министр Бурабай төрінде өткен Ұлттық құрылтайда бірқатар маңызды мәселе талқыланғанын тілге тиек етті.
— Президент тарапынан еліміздің саяси және әлеуметтік дамуына ықпал ететін өзекті тапсырмалар беріліп, құрылтай мүшелерінің мазмұнды ұсыныстары айтылды. Мемлекет басшысы аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керектігін атап өткені белгілі. Аға буын — қоғамның ақылшысы. Біз алда сіздердің өмірлік тәжірибелеріңізге, парасатты пайымдарыңызға арқа сүйейміз, — дейді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, өткен жылы министрлік ардагерлер ұйымымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасап, арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді.

— Министрліктің қолдауымен ұйым ұсынған мазмұнды жобалар негізінде 14 томнан тұратын 4 кітап жарық көреді. Бұл еңбектер — жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен ұлттық тәрбие дәнін себетін тағылымды туындылар болады деп сенеміз. Президент бастамаларын табысты жүзеге асыру жолында бірлесе жұмыс істейміз деген үміттемін. Еліміздің дамуы мен болашағы тек экономикалық ғана емес, рухани даму арқылы жүзеге асатыны анық. Мемлекет басшысының бағыт-бағдарлары мен реформаларын жүзеге асыруға атсалысу — баршаға ортақ міндет. Қоғамда әсіресе жастар арасында, ұлттық бірлікті нығайту және патриоттық тәрбиені күшейтуде сіздердің рөлдеріңіз зор екенін тағы да ерекше атап өткім келеді. Жиын аясында ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдап, өзара талқыға салуға дайынбыз, — деп толықтырды Аида Балаева.
Сондай-ақ ведомство басшысы биылғы Ұлттық құрылтайда Президент мемлекеттік органдарға 54 тапсырма жүктегенін айтты.
Одан бөлек, жиын барысында еліміздің ішкі саясат тұжырымдамасы әзірленетіні белгілі болды.
Айта кетсек, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ел аумағында екі мыңдай іс-шара өтеді.