«Ел арна» «Евровидение-2012» ән байқауын тікелей эфирден көрсетеді

АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат - 22-26 мамыр күндері Әзербайжан астанасы Бакуде танымал «Евровидение-2012» ән байқауы өтеді.

«Ел арна» «Евровидение-2012» ән байқауын тікелей эфирден көрсетеді

Мәдени шараны елімізде тек «Ел арна» телеарнасы ғана тікелей эфир арқылы көрермен назарына ұсынатын болады. Ал байқауға танымал музыка сарапшысы Нұрберген Махамбетов пен радио хабарларын жүргізуші Қалдыбек Жайсаңбай өз пікірлерін білдіріп отырады.

Ағымдағы жылы «Өз отыңды жақ!» ұранымен өтетін байқаудың ақтық мәресінде 26 елдің өкілі өз бақтарын сынайтын болады. 1956 жылдан бастап бүкіл Еуропаның басты ән байқауына айналған осы мәдени шараны «Ел арна» бірнеше жылдан бері тікелей эфирден көрсетіп келеді. «Біз өзіміздің көрермендерімізге жарқын музыкалық шоуды ұсынатындығымызға қуаныштымыз. «Евровидение» жоғары мәртебесін жоғалтар емес әрі жыл сайын оны ұйымдастырушылар сахналық таңғаларлық көріністерімен, орындаушыларымен және музыканы  қоюдағы жаңашылдықтарымен барша көрермендерді тәнті етуге тырысады», - дейді аталған телеарнаның директоры Айгүл Мүкей.

Айта кетейік, ағымдағы жылы байқау телефизиялық эфир тұрғысынан алып қарағанда ерекше шоу болады деп күтілуде. Залда HD сапасында түсіретін 25 камера орнатылып, экраннан әрбір деталь көрінетін болады. Сондай-ақ бүкіл залда қозғалатын 2 Spidercam камерасы, рельстегі 2 камера, 2 түсірілім краны жұмыс істейді. Қажетті жабдықтар жүк көліктерімен 90 контейнерде және 2 жүк ұшағымен Германиядан жеткізілген. Сахна мен арена 3D форматында жасалған.Евровидение-2012

«Ел арна» телеарнасында «Евровидение - 2012» байқауын көрсету кестесі:

1-ші күнгі жартылай финал - 22 мамыр, түнгі 01,00

қайталануы 1-ші күн - 23 мамыр, күндізгі 12,00

2-ші күнгі жартылай финал - 24 мамыр, түнгі 01,00

қайталануы 2-ші күн - 25 мамыр, күндізгі 12,00

конкурс финалы - 26 мамыр, түнгі 01,00

қайталануы - 27 мамыр, күндізгі 12,00